11.07.2022
171
КӨНСАДАҚ
Күйдік, жандық, сүйіндік, –
Талай жолда адастық,
Шашырадық, жиылдық,
Достастық та, жауластық.
Жеңілдік пен қиындық
Өтті бастан алмасып,
Отырмыз енді иіліп,
Көнсадақтай шаң басып.
Осының бəрі, ойласаң,
Бір тостаған тіршілік.
Тостағанға тоймасаң,
Табақты іздеп күрсініп,
Жүрген кездер талтаңдап.
Күнің озық, ілгері Ай,
Тамақ таңдап, дəм таңдап,
Көп тасынған күндер-ай!
Оның бəрі енді артта, –
Керегі жоқ аһ ұрып.
Өзіңе өзің жүк артпа,
Арттағыны шақырып.
Аз қалса да алдағың,
Артық болар көруге,
Бармай тұрып қармағың
Су түбіне шөгуге.
Лақтырып қал тағы бір,
Соңғы балық ілігер,
Көнсадақтың жағы бір
Тартылар да дірілдер.
«Ала өгіздей мөңіреп»,
Атар соңғы жебесін,
Сен де, мерген, еңірет,
Оқ таусылды демесін...