11.07.2022
  254


Автор: Ғафу Қайырбеков

ЖҰМЫСШЫ ТУРАЛЫ ЖЫР

Бала кезім. Пішенші. Орақшылар.
Өзі ыстығына тек күннің өзі-ақ шыдар
Сарша тамыз. Солардың бүкіл ауыл
Алдарынан сусын мен дəм ап шығар.
Сонда мен де əкеме айран алып,
Баратынмын, зымырап жайдай ағып,
Шалғысының шыңылы басылмаған
Қараушы едім жүзіне қайран қалып.
«Жұмысшылар, оралды жұмысшылар!» –
Жаңғырыққан жан-жақтан дыбыс шығар.
Ауыл толып қалатын сабасына
Алған шақта əрең деп тыныс бұлар.
Ерлік жолдан келгендей арып-ашып,
Сағынысып, көрісіп, жамырасып,
Тұмсық сүйеп əкенің қолтығына,
Қатып ұйықтап қалушы ек, қалжырасып.
Сонда маған «жұмысшы», «жұмыс» деген
Əсер еткен əулие бір күшпенен.
Бүкіл ауыл тірегі, тіршілігі
Сабақтасып жатқан сол тыныспенен.
Енді ойласам, сол ұғым содан байып,
Жыл ұлғайса, жылменен о да ұлғайып,
Жұмысшы тап – санама кірді менің
Қаусырылмас көлемге қанат жайып.
Жайылды ол бəріне жер мен көктің –
Есіміндей қаһарман, Ер Еңбектің.
Мен білетін ауылдың тірегінен
Тірегіне айналды Мемлекеттің!
Олар – батыр от көсеп, жалын басқан,
Күндіз-түні даламен бауырласқан,
Күндіз-түні қалалар қақпасының
Еңбегімен ерте кеп бəрін ашқан.
Қарындасым, бауырым, інім, ағам, –
Біреуі жоқ жұмысқа жұмылмаған,
Арды таза, намысты биік ұстап,
Қасиеті ісінен туындаған.
Олар барда ырыстың ортаймасы –
Айдан анық, секілді ант айнасы.
Жалт-жұлт еткен Отанның Орақ-Балғасы –
Ғарышта жүр олардың қолтаңбасы!
Бейбітшілік əлемге үндеу алып,
Тұр жұлдыздар басында: ту қадалып.
«Мен – жұмысшы жыршысы!» – деген мақтан
Маздар менің кеудемде күнде жанып.





Пікір жазу