11.07.2022
  592


Автор: Ғафу Қайырбеков

ТАУ ШЫҢҒЫСПЕН ТІЛДЕСУ

(М. Əуезовтің туғанына 90 жыл)
Тау Шыңғыс, қолыңды соз тағы аспанға,
Ақ таңға Ай мен Шолпан таласқанда,
Солардың мəңгі-бақи көркіменен
Мұхтардың кең маңдайы жарасқанда.
Солардың жерге түскен нұрын басып,
Келеді ол, туған елге бүгін де асық,
«Тау келмес, пайғамбардың өзі келер –
Сол тауға» – деген сөздің сырын ашып.
Соңында қалың нөпір – той керуені,
Кернеген қуаныштай кең кеудені, –
Келеді ол, тірілердің тірісіндей
Жер атты мəңгі жасыл шеңбердегі.
Толтырып мол даланы мол тұлғасы,
Жалтылдап күміс шашы, алтын басы, –
Қоңыраудай күмбірлесіп қоңыр даусы.
Тау ІІІыңғыс, тымағың шеш, ал тыңдашы!
Лақтырсын лағыл-маржан сөз жамбысын,
Қиялдың қайта салсын озған құсын, –
Жаралған жан біткеннің сабазы еді
Адамның арқа-аруағын қозғау үшін.
Тау түгіл, жатыр бүгін тас та – қунап,
Жақындап келгендей-ақ аспан жырақ,
Ал енді адамға айнал, алақан соқ
Ақшоқы, айналайын «Қасқа бұлақ!»
Сендердей суреттеген жер төресін
Данышпан даласына еркелесін,
Аунатқан топырағыңа өз денесін
Иіскесін бозғыл жусан, боз көдесін.
Мына той құшағында құлшынып жаз,
Болмасын құрмет орта, құлшылық аз.
Абайға тағзым етсін Мұхтар барып,
Қосылып қос данышпан тұрсын біраз.
Біз-дағы дария тойға бойлап кіріп,
Қалайық қадари-хал ойнап-күліп,
«Мұқаңның сабағына қатыстық» – деп,
Қайтайық дүние сырын ойлап-біліп.
Өлшенбес ұзыннан да, көлденеңнен
Мұқаңның ой əлемі не деген кең!
Атында ғасырлардың сыры қайнап,
Көзінде бүкіл дүние дөңгеленген.
Тау Шыңғыс, топырағы бай, даласы бай,
Өлкесің ұлылардың анасындай.
Сағынып тұрған кезде, керек кезде
Бір перзент берсең бізге тағы осындай!
Сонда бір ұлы алғысын айтар халық,
Халық қой, халық көңілін қайтармалық.
Ал біздер тауды тауға қосып қайттық, –
Көргенше сау бол, Шыңғыс, қайта айналып.





Пікір жазу