11.07.2022
  81


Автор: Ғафу Қайырбеков

ҚАЛИЖАН БЕКХОЖИН

Дүниеде келетін бəрі болғың
Əттең, сырғып кетті ғой əріге ол күн.
Тағы саған кездестім, қарт жолаушы,
Тірлік деген үстінде сары жолдың!
Сені көрсем қозғалар қай-қайдағым, –
Бірге кешкен өмірдің сан майданын.
Қырық жылда қырық найза сындырысқан
Амансың ба, ақ сауыт, зор айбарым?
Ұзақ жортып шалдыққан жолбарысым,
Сағындың ба Іленің нар қамысын,
Тілім-тілім табаның жер бастырмай,
Қозғалуға келе ме зорға күшің?
Сонда-дағы үндетпей ер намысың, –
Нық көтеріп тəңірінің салған ісін,
Жатыр ма əлі қолыңа қалам беріп,
Шамырқанған шабытқа толған ішің?!
Сен – талайғы тарихтың айғағысың, –
Сайда қалған батырдың сайғағысың,
«Құла дүзде боз байтал кісінейді,
Кəрі айғырдың баяғы айғайы үшін!»
Деген қазақ мəтелін есіңе алып,
Қайта маздап, қарт ошақ, көрші жанып.
Қызуыңнан жылынсын тұла бойым,
Сағыныштың ызғарын бір шығарып!
Неткен шалғай – ақынға жеткізбес тым,
Мына бүгінгі ауылы жетпіс бестің!
Осы жасқа келгенше жау-сырқатпен
Көп алыстың, бауырым, көп тістестің!
Тəкаппар ең өткен бір жан менсінбей, –
Жапа-жалғыз жаһанның сен – иесіндей.
Көтер басты, көзіңді көкке қада, –
Махаббат пен шапағат əулиесіндей!





Пікір жазу