ШАХМЕТ ХҰСАЙЫНОВ
Бақытым – əдебиетке ерте келген,
Жолықтым ылғи қошқар, серкелермен.
Солардан əке таптым, аға таптым, –
Күндер-ай, емін-еркін еркеленген.
Солардың арқасында бай едім мен,
Самсаған топқа салса – сай едім мен,
Апай төс арғымақтар ортасында
Сүйреткен жібек арқан тай едім мен.
Кездессе қадірлі ағам – Шахам менің,
Кеңейіп қалушы еді арқам менің,
Тау көшіп келгендей-ақ дəл қасыма,
Көсіліп шағалалы шалқар көлім.
Атымды атағанда – қандай еді,
Өзіме өз есімім – балдай еді,
Жүзінде күн еркелеп күліп тұрған
Жігіттің кере қарыс маңдайы еді.
Жаһұтпен жазылаған нардай еді,
Жоқ емес, бар қасында бардай еді,
Кешегі Ақан, Біржан сабаздардан
Сарқытқа қалып қойған салдай еді.
Ортаңда отыратын ордадай боп,
Арысты алабы кең арбадай боп,
Көргенде қияпатына сүйсінетін:
«Атадан асыл туған бекзада-ай» – деп.
Ұста еді қатар жұмсап от-көмірді
Соғатын жай темірден сом темірді.
Баладай алаңы, жоқ аппақ көңіл, –
Көрмеген соқтықтырып бірге бірді.
Мінезді сасық-бүксік, бишаралық
Қалатын қабақ-түйіп, көрсе налып.
Ірі еді, іріден дос жинаушы еді,
Жігіттің сыртын емес, ішін алып.
Кімде жоқ осы күні өнер деген,
Көп адам бəрі ғажап, шебер деген,
Өмірде кісілікті көрсетпесе,
Сөз емес, «өлгеннен соң көрер» – деген.
Тірлікте қасиетсіз адамдардан
Өлгенде қадір жоғын көп аңғарғам.
«Алдымен азамат бол!» – деген нақыл
Халықтың ауызында содан қалған.
«Қашанда арық сөзге арқаң қозбас,
Аты арып, ақ көңілдің, тоны тозбас» –
Деп қойып, отыр бүгін ортамызда
Кəдімгі Шахаң-аға, Шахмет жолдас!