АЙҚЫН НҰРҚАТОВТЫ ЕСКЕ АЛУ
Аунамалы нəрсе жоқ бақ-таландай,
Ер басынан көшеді бұлттан аумай,
Дүниеден мезгілсіз ауғандарды, –
Асылдарды келеміз жоқтай алмай.
Соның бірі жас қыршын – біздің Айқын,
Аспанында тірліктің жұлдызы айқын,
Əлі күнге көңілімде көремін мен
Мықты салған суретін мызғымайтын.
Бала күннен шаншылып биікке асқан,
Алтын жасап шығарған жиып тастан
Зергерлердей, пікірі əсем еді
Үлкендермен ақылы иықтасқан.
Алуан ойлар миында қабаттасып,
Шақырар еді достарын сабаққа ашық,
Сөйлер еді тілінен май тамызып,
Қатар-қатар томдардан парақты ашып.
Ойқой, сосын гулесіп кетуші едік,
Айтыс-талас орманын желпуші едік,
Ол алысқа зымырап тартқан шақта,
Орта жолға əреңдеп жетуші едік.
Қажып-шаршап қалушы ек, ми қаңғырып,
«Қойшы Айқын, – деп, қол беріп, жалбарынып,
Жастық күнге содан соң оралушы ек,
Арбап бізді арман мен алдағы үміт.
Сүйкімді бір жымиып, желке қасып,
Ойын тежеп біздерден кеткен қашық.
Ол да ойынға, əзілге ортақ болып,
Жөнелетін думанға араласып.
Шебер еді қысыңды жаз қылуға,
Пікірі оның көнбейтін азғыруға, –
Енді бүгін ойласаң соның бəрін,
Жазылыпты ғұмыры аз болуға.
«Отыз жаста докторлық қорғаймын, – деп,
Мына баспен қорғамай қоймаймын, – деп,
Бізден бұрын ертерек жолға шықты, –
Əдебиет шаруасын ойлаймын!» – деп.
Ауыр еді, белгісіз жол дерегі, –
Барма дедік, жалғызсың – көнбеп еді,
Көк түнектен көз ашып қарағанша
Кетті басып тағдырдың дөңгелегі.
Көзімізден көл-көсір көптен жауған,
Сушыға ұқсап құдыққа кеткен қауғаң,
Бір шал көрдім жалғызын алған құдай,
Соны қарғап, сақалын көкке сауған.
Мұның бəрі естелік, о, халайық,
Мұңды шертпей, біз біраз оңалайық.
Енді қайтып ол жұлдыз қолға түспес,
Баяғыда көгінен болған ғайып.
Айқын өзі жоқ енді... Солды гүлі.
Айқын ізі алпысқа толды бүгін.
Аман, шүкір достары, құрдастары
Ортақтасып алысқан қолдың жүгін.
Көтерейік рухын көркем мүсін,
Білдірмейік дүниеде жоқ-кемісін,
Жақсы-жақсы қазақтан ұл туарын
Оның бізге дəлелдеп кеткені үшін.