11.07.2022
  305


Автор: Ғафу Қайырбеков

САҒЫНДЫМ ҒАБЕҢДІ

Деуші едім:
«Бүгін болмаса, ертең көрем,
Бас ием, əулиеме сəлем берем!»
Деуші еді ол:
«Амансың ба?» –
Басқа сөз жоқ.
Содан соң əлденеге елеңдеген
Қалпымен:
– Бір сапарға жүремісің?
Дер еді ол,
Айтқызбай-ақ біледі ішім.
– Билет ал,
Пəлен жерге, пəлен күнге –
Өзіңе, маған,
Жəне біреу үшін.
Əрине, поезбенен...
Бітті сосын.
Менде жоқ өзге сұрақ
Қояр тосын.
Сақалын баппен жайлап ала бастар:
– Бар енді вокзалыңа,
Жолың болсын!
Дəметіп деген сөзін –
«Айналайын»,
Азырақ кідірейін, айналайын –
Деймін де, қорқам өзім
Суық көзінен,
Қалпыммен кете берем
Жолға дайын.
Сұсты еді – айқайламай,
Үркітпей-ақ,
Қиямет ашылуы бір кілттей-ақ.
Əкенің қаталдығы –
Баласын тастан тастар бүркіттей-ақ.
Сағындым,
Сағынышты көп тізе алман,
Өзім де, өзге түгіл жеткізе алман,
«О, тағдыр, сол əкемді,
Пайғамбарды.
Тағы бір ақ сəуледей өткіз алдан!» –
Десем де көнбес тағдыр
Жөнге тегін,
Ал босқа өзімді-өзім əуре етемін,
Енді мен оны өңімде
Көру қайда,
Түсімде көргеніме тəубе етемін...





Пікір жазу