11.07.2022
  265


Автор: Ғафу Қайырбеков

ҚОШ, АҒА!

(Ғабит қазасына)
Езіліп еңсе, санам мен
Бар ақылым жылап тұр,
Өзенім, тауым, далам мен
Ана тілім жылап тұр:
«Айрылдым, – деп, – Шеберден
Алтын таспа сөз өрген,
Өзі елді үйретіп,
Үйренетін өзі елден –
Кереметтердің де кетері
Табиғат заңы ежелден».
Ұзақ та дарқан өмірді
Кемеліне келтіріп,
Кемерінен асырып,
Өзіңдей кешкен адам аз –
Шапағат нұрың шашылып,
Өнерден соққан мұнараң
Тарих жүзінде шаншылып.
Тірлікте төр мен босаға
Тірелген жері – осы ара,
Саяхатшысы жалғанның
Атынан түсті – не шара?
Жүгенсіз, ерсіз Дүние-ат
Босана шапты, босана.
Босана шапқан сол атты
Ауысып мінер ер сана.
Болашаққа аманатты
Айтып бір кеткен осы Аға,
Ел алғысын жамылып,
Қазына берген қаншама,
Жасайды атың мəңгілік –
Қош, кемеңгер, қош, Аға!





Пікір жазу