БЕРҚАЙЫРДЫ ЕСКЕ АЛУ
Уа, тірлік күн, таусылма – тоқта, тоқта!
Сені байлап қоятын жоқ бір тұтқа!
Қаусап қалған көңілді көп таптама,
Шаршап қалған жүректі көп қорқытпа!
Қатар тұрған сау тісті жұла-жұла
Жаман доктор секілді ажал мына,
Қалдыратын түрі жоқ түк аузыңда, –
Бұл не сонда – тағдырдың мазағы ма?
Заман түзу, соғыс жоқ, тыныштықта,
Осыншама қырылу – дұрыстық па?
Ылғи соғып жатамыз басымызды
Баяғыдан айналған бір қырсыққа!
Сабыр, Қайыр ат қойған əкелері,
Ағайынды жігіттер əп-əдемі,
Бірі қалып, өмірден бірі кетіп,
Бұл дүниеде тыйылды хат-сəлемі.
«Одан артық обалды көрмедік» – деп,
Еңсе түсіп, егіліп, еңіредік кеп,
«Тірлік» атты жайнаған бір жалауды
Көме салдық апарып жерге бүктеп.
Əлі көңілім сенбейді шыр-шыр етіп,
Өңім түгіл, кірмейді түсіме түк.
Қапылыста Берақтың көз жұмғаны, –
Келетіндей қасыма ұшып-жетіп.
Сұр қалпағы қисайып күн ыстықта,
Куəліктей достық пен туыстыққа –
Тері сіңген əмиянын ақтарушы ед, –
Қаражаттың мінезі – кіріп-шықпа.
«Сағынып та кеттік қой бір «иттікті»,
Қоя тұрып молдалық, мүриттікті,
Кел екеуміз кетейік, – деуші еді ол, –
– Мына біреу көк қағаз шіріп бітті!»
Иə, солай, енді оның бəрі – естелік.
Дүниенің есігі емес берік, –
Бір күн шығып кетесің сен де содан –
Сыйласайық, туыстар, соны ескеріп.