11.07.2022
  81


Автор: Ғафу Қайырбеков

ЭЛЕГИЯ

Не керек «анау еді, мынау еді» – деп,
Жақсылар бұл халықтан шығады ептеп,
Қадірін сол жақсының білмейміз біз;
Қатындар тағы бір ұл туар еді, деп.
Ей, салақ, жуан қоныш қазағым-ай,
Қырсықты маңдайыңа жазар құдай,
Жақсыны туасың да, жұтасың сен
Тағдырдың мəңгі берген мазағындай.
Мəжеке, сағындым ғой тірлігіңді,
Алушы ең ұрсып-ұрсып бір ініңді,
Тұлғаңнан тұтас туған айналайын,
Білуші ең сыйлайтұғын кім-кіміңді.
Кешегі сабаз болған Илиясты,
Сəбеңді сыйлауменен күнің асты,
Қызғыштай болып жүрген күндерінде
Арманың еді сенің – бір тұтастық.
Еркелеп, еркіндеуші ем, Мəжекең деп,
Ол бар да дүниенің бəрі кең деп,
Сен жоқта əкім болған кейбір надан
Дымымды құрытады ғой əкіреңдеп.
Сен бəрін көріп едің көзіңменен,
Жақсылар дəмдес болған өзіңменен.
Ықпалың жүргізуші ең қайран сабаз,
Не күшің, не болмаса сөзіңменен...





Пікір жазу