11.07.2022
117
Тереземнің алдына
Тереземнің алдына
Шыбық ектім шықсын деп.
Бой төсесін жаңбырға,
Күн сəулесін жұтсын деп.
Бір балапан – немере
Кеше əкелдім үйіме,
Уілдей ме, немене,
Қосыла ма күйіме??
Бүгін əкеп жас тоты,
Жондым тұғыр бұтақтан.
Ол да өмірдің жақсы оты
Менің қолым тұтатқан.
Аквариум орнаттым
Қызыл, жасыл балықтан,
Жем тастадым, ойнаттым
Жоқ көңілім жалыққан.
Еңбек атты – ұлылық,
Қайрым деген –даналық,
Алды жүрек тынығып,
Қалды жаным жаңарып.
Тұрдым сезім кеудемде –
Сол шыбықтай көкке өрлеп:
«Мен де сонда көктемге
Ұқсағаным ба екен?» – деп.