11.07.2022
111
Сендер қайда жүрсіңдер, жақсы ағалар...
Сендер қайда жүрсіңдер, жақсы ағалар,
Артыңдағы үмітпен жасқа қарар,
Көрмедім ғой көп болды біреуіңді,
Кəрілік деген күрке ме бас сауғалар?
Əлде өмірде көп шапқан тұлпарларым,
Баяғы бір басылып шырқауларың,
Атқорадан алысқа ұзап шықпай,
Қозғалуға əлде бір күн таңдадың?
Көз ала алмай ішінде көп тұғырдың
Мен де шаппай, аяңдап, жортып жүрмін.
Өзім іздеп, сəлемге бір баруға
Қажығандарыңды көруге қорқып жүрмін.
Онда да бір мəніс бар аңғарғанға, –
Кездескенде, қаттырақ толғанғанда,
Кəрі кірпік ұшында бір тамшы жас
Қалып қою мүмкін ғой мен барғанда...