11.07.2022
  78


Автор: Ғафу Қайырбеков

Ақ қылыштай форельді

Ақ қылыштай форельді
Тас кеудесі қорғайды.
«Бір танысым бар еді», –
Деп, айтуға болмайды.
Балықтарда таныс жоқ,
Үйренбеген адамға.
Адам білмес əдіс жоқ,
Шебер айла-амалға.
Бір заманда тау-балық
Қаппайды екен қармаққа,
Оны толқын аударып,
Зырылдатқан жан-жаққа.
Енді сол да үйреніп,
Болды жемге тоқтайтын.
Жем жүрген жер күйреуік –
Ол бір кəсіп көпке айқын.
Ақ кездіктей жалаңаш
Қынабынан айрылған.
Қолға түсіп қайран бас,
Бостандығын қайғырған
Көрдім мұнда форельді –
Қармақшының қолынан,
Балық сонда сөйледі,
Сөзі тылсым – толы мəн.
Көзінен су тамшылап,
Ол да маған жылайды.
Екі езуін қайшылап,
Еркіндігін сұрайды.
Мені балап жақынға,
Жалынады-ақ пейілмен. –
Мұң шақпайтын ақынға
Жан болсайшы! – деймін мен.
Қармақшыдан қолқалап,
Босатам да жіберем.
Күледі ол шалқалап:
«Қызық жансың не деген!
Несібемнен қақтың ғой,
Енді балық қаппайды...»
«Не дегенмен ақын ғой!» –
Алтай мені жақтайды.
Ұясына кірерде
Күн өрмегін жиды жай...
Біреуге өлім, біреуге
Несібе берген дүние-ай!





Пікір жазу