11.07.2022
104
Алтайда бір өзен бар
Алтайда бір өзен бар
Аты оның – Ақбұрқақ.
Жүретін жолы – кезең-жар
Басталар жері – Алтын Тақ.
Ақбұрқақ десе, Ақбұрқақ
Қайнардың қайсар көзіндей.
Түсетін таудан əн шырқап,
Ерке бір қыздың өзіндей.
Бұқтырма деген дарияның
Айттырған бейне жұбайы,
Аузында демі ақ жалын
Білегін аса құлайды.
Асылған жерден от шығып,
Шағылар күннің нұрымен.
Ағады сосын қосылып,
Жағада орман шуымен.
Біріне-бірі сай күші –
Бірте-бірте жуандап,
Жуандаған қайсысы
Білмейсің енді сен аңдап.
Барады ортақ үйіне –
Тұрмыстың басы осыдан.
Қашанда солай дүние
Құмартып екеу қосылған.
Алған күйеу тізгінін
Қасына ешкім жуытпас.
Ақбұрқақтың қыз күнін
Көрем десең, биікке ас!