11.07.2022
  275


Автор: Ғафу Қайырбеков

Сен – шеберсің. Табиғат...

Сен – шеберсің. Табиғат,
Сенде өлмейтін өнер көп.
Айту да бір – ақиқат,
Шеберлерді шебер! – деп.
Қашан барсам Алтайға,
Қайтам ылғи таңырқап.
Дейді ол маған: «Қартайма,
Сабыр жина, дамыл тап!
Сəл жұқарған жүйкеңді
Қайта жамап, тоқып ал,
Көре-көре сілтеуді
Алмас қайтса тотығар.
Ештеме де ойлама,
Кешір пенде кемісін,
Сен деміңді ал, бір жолға
Мен ойлайын сен үшін!» –
Дейді де Алтай сəлден соң,
Кетеді ойға шомылып,
Алтын зерлі сəлдесі
Ақша бұлтқа көміліп...





Пікір жазу