АҚКӨЛ АҢЫЗЫ
1
Торғайдың оңтүстігін алып жатқан,
Ететін əлі күнге халық мақтан, –
Көктемде көк ереуіл – су жолымен
Толқыннан жоны шығып, балығы аққан.
Бір көл бар – Ақкөл атты айдыны кең,
Таңдантқан тарихының байлығымен,
Бетіне сан мың жұлдыз түссе-дағы,
Көрмеген шатастырып айды күнмен.
Көл еді кемімеген сабасынан,
Өзендер ағасына жаны ашыған
Көктемде қар суымен тасып-толып,
Асырып тоқтар еді шарасынан.
Ол өзі жай қазаққа теңіз еді,
Тулаған ақ сазаны семіз еді,
Қураған шөл даланың қу таңдайын
Жаз шықса мың емшектен емізеді.
Бірі сол өзен еді «Жыланшықтың»
Сарқылмас сарқытындай құлан-сүттің,
Сауылдап құюшы еді соған келіп
Даланың сабасындай қайран, шіркін!
Өзің біл, таңырқасаң бүгін нанбай,
Жыланның үйірінен үйір қалмай,
Кешкілік құлайды екен қыр басынан
Шаңдатып суға келген сиырлардай.
Үйренген ол өлкенің адамдары,
Қараған жай бір істей соған бəрі.
Салбырап шаңырақта, босағада,
Секілді байлап, матап қойған малы.
Төсекте, дастарқанда жүреді жай,
Сол үйдің не қызындай, не ұлындай,
Жау түгіл, жыланды да еркелеткен
Осы, елдің кең дария пиғылындай.
2
Жиып ап ерке-тотай жыландарын,
«Жыланшық» жыл шығарып құландарын,
Басында ерте көктем кетер тасып,
Бойымен сусып ағып бір арнаның!
Ақкөлде – асығады ағасына,
Жарылқап, жайып суын даласына,
Арқырап, жарқырап кеп қосылады,
Қыс бойы көріспеген данасына.
Қалар ма өзге өзендер мұны көріп,
Деседі: «Үлгірелік, жүгірелік!»
Ұсынар жиған-терген бар олжасын,
Кейбірі күбісінің түбін көріп.
Қарт теңіз – қайран Ақкөл қарқ-қарқ күліп,
Бəрін де шапағатпен мақтап тұрып,
Далиып етек-жеңі қырға шабар,
Той жасап, айналаға ат шаптырып.
Кім көрген сонда Ақкөлдің тебіренгенін,
Аймалап сүйген кезін жер-жөргегін,
Өмірде бар екем деп, тұр екем деп, –
Куəм, – деп, – сол шындыққа сендер менің!
3
Сол Ақкөл батысынан бағдарласаң –
Боп кеткен жермен-жексен əлдеқашан
Шашырап ескі қыстау жұрты жатыр,
Солтүстік-шығыс бетте орналасқан.
Бір кезде даңқты ауыл – дала сəні,
Гүрлеткен тірлік атты тамашаны.
Алысқа түнді тесіп, сəуле шашып,
Маздаған кешкі ымыртта жер ошағы.
Бас қосып жақсы-жайсаң шартараптан,
Ел жайлы, елдік жайлы сөз таратқан.
Секілді ақылдылар астанасы –
Сонау бір жарқыраған боз қабақтан.
Заманның зауалына амал іздеп,
Бұл жайлы не ойлайды ағамыз? – деп,
Шоң желке ел қазақтың шонжарлары
Ақтас пен Байтұрсынға барамыз, – деп.
Талдырып аттың белін арқаға асып,
Қайтады бəтуə алып, баталасып,
Секілді алтын артқан алып керуен
Үдерген жонды қуып, жота басып...
Қазіргі опырылған обалардың
Қадірін ол күндегі бағалар кім?
Болғанын ел ұясы, ой қиясы
Аруағы асқар шыңдай бабалардың.
4
Баяғы бала кезім əлі есімде...
Қиялдың мініп алып кемесіне
Ақкөлдің айдынымен жосушы едім,
Бір кезек құлақ түріп кеңесіне.
Ол сонда айтушы еді аңыз маған:
«Бір сабаз, қазақтағы нағыз данаң –
Тіліңнің осы күнгі тиегін ашып,
Білімнің құдіретін уағыздаған».
Дейді де, үнсіз қалып, сəл бөгеліп,
Қайтадан енді баяу тілге келіп:
– Сұрама атын оның, адам түгіл,
Мен-дағы айта алмаймын. Үндемелік!
Əзірге сыртың білмей, ішің білсін!» –
Не ғажап, нендей жұмбақ, нендей тылсым? –
Мынау көл əлдене деп күбірлейді,
Ұқпайсың мейлің жыла, мейлің күрсін.
Содан соң аздап беті лайланып,
Күрсінер толқындары шыр айналып,
«Кім еді ол атын айтпас, – деп таңғалам, –
Əлде ол көк тəңірісі – құдай ма анық?»
Қарт Ақкөл енді қайтып тілге келмей,
Болады маған басын изегендей.
«Қайтемін құдай болса атын сұрап,
Асыр сап көк толқында билей бермей.
Қолыма қайта келіп қиял ескек,
Құдайдың бізге жоқ қой зияны еш деп,
Сонда да елегзимін көл бетінде
Көзіме əлдекімнің жүзі елестеп.
5
Ақкөлдің аққулары баяғыдан
Жаз болса осы араны сая қылған.
Сондықтан Аққу көлі – бір аты оның,
Арылмас періште құс алабынан.
Бұл сəтте судан көркін байқап алып,
Керіліп, кербезденіп, жай таранып,
Қасынан қайығымның өте берді,
Дедім де: «Осылардың айтары анық!» –
Сұрадым мынау көлдің иесін мен: –
Далаға мəшһүр болған ұлы есімнен
Хабары бар ма екен деп, сонда аққулар
Атындай əлдеқашан бір естіген.
Кенеттен үйірілісіп, тұра қалып,
Сұрақтай мойындарын бұра қалып,
Білмедім ішіндегі үлкені ме,
Қасына сонысының тура барып.
Болды олар бірдеме деп сөйлегендей,
Үлкені жүзіп келіп көлденеңдей,
Бəріне басын шайқап тұрып алды, –
Қалыппен маған жұмбақ əлденендей.
Есімде: «А» – дегені адамға ұқсап,
Көзіме қара көзі қадалды сəт, –
Айналып аяқ жағы сыңсуға оның,
Секілді болып кетті азалы шақ.
Содан соң көтеріліп су бетінен,
Қатайып қанаттары сүйретілген,
Баяғы ғажап əнге қайта басып,
Аспанды əшекейлеп суретімен.
Ақ жібек аққандай боп белдеу тартып,
Жөнелді өз күйіне өзі балқып.
Қалыппын маңдайымды күнге тіреп,
Ауада «А» дыбысы тұрды қалқып.
6
Ақкөл де, айтпады атын аққулар да,
Айтпасқа мəңгі берген анты бар ма?
Əрине сұраған жоқ адамдардан, –
Ол туыс оңай жөнін таптырар ма?
Оларға айтқан сөзім дарымас деп,
Белгілі ақиқатқа жаны қас – көп.
Аузына тіршіліктің қақпақ қойған
Əйтеуір бір сұмдықтың бары рас, – деп. –
Жүргенде шаш ағарды, жас ұлғайды –
Шығардым мен де есімнен тосын жайды.
Қыр асып үйірімен кеткен жылдар
Шақырсаң қайта басы қосылмайды.
7
Соңғы рет барғанымда Ақкөл-арыс:
«Ақыным, есіңде ме, айтқан аңыз? –
Аяғын қоя салған, басын бастап,
Белгісіз уақытта ақ-қарамыз.
Мен – Ақкөл, атым қойған далам менің,
Мені сен «қара» десе, нанар ма едің?
«Жоқ!» – дейсің енді қазір.
Сезген жоқсың
Дегізген ақты – қара, заман лебін.
Бүгін де ақ табиғат қараланып,
Адамның өз қолымен жараланып,
Жазықсыз жан танымас күйге түскен,
Куəсі – соның анау Арал анық!..
Бəрі де – сонау күннің зіл-заласы,
Тірелген зəулім биік шыңға басы,
Ахмет Байтұрсынов хəлі солай –
Қазақтың маңдайдағы бір данасы!
Жоқ дедік, жоқ деп келдік, болмаған деп,
Болса егер, ол – жақсы емес, оңбаған! – деп,
Сұрасаң оның атын, тіл байланды,
Біле алмай, біле тұрып, сорлаған көп.
Жазығы жарық дүние қолға ұстатқан,
Қағаз бен қалам берген, тіл ұстартқан,
Сол тілдің жасап мəңгі ережесін,
Желісін мызғымастай дұрыс тартқан.
Секілді барлық əнің, барлық күйің –
Бүгінгі көзге тосқан əліпбиің,
Ахаңның ақылының жемісі еді –
Саған деп, тастап кеткен тарих сыйын.
Көгіңнен сұңқар еді саңқылдаған,
Қаз еді: «Қазағым» деп қаңқылдаған.
Ел түгіл, көл білетін сол сабаздың
«Айт-айт!» – деп қоймап едің атын маған.
Ал, айттым, келді кезек тимей көптен,
Күн кешкен айдау-азап кіл бейнетпен,
Жан еді ол, жаһан сырын білсе-дағы,
Еліне не жазғанын білмей кеткен».
Деп сөзін аяқтады Ақкөл маған,
Баяғы сұрағыма Аққу да алаң
Боп жүрген, ол да үстімнен сырнайлатты
Дауысы көл жаңғыртып «Ахаңдаған!»
8
Қашанда тарихы жоқ ел болмайды,
Еріксіз, Еркіндіксіз ер болмайды. –
Осынау жай шындықты айтқызбаған
Нендей сор, бізге келген нендей қайғы?
Мағынасын сол сұрақтың енді бағып,
Сірескен миыңдағы сеңді жарып,
Сананың сарайына жарық түсті
Кез байғұс көр дегендей бəрін анық.
Мезгілсіз меңіреуліктің түкпірінен
Ашылып жатыр шындық жік-жігімен.
Күн туды құр сүлденің құрсағынан
Көп уақыт өліп жүрген рух тірілген.
Халықпын, ұлтпын деген бір мақтаныш
Зымырап жетті бүгін ұрпаққа алыс,
Елім деп еңіреп туған сан ерлердің
Есімі болашаққа болмақ таныс.
Бір заман айтуға да тыйған атын,
Барды жоқ дегенге тек иланатын,
Келмеске кетті қырсық, мойындағы
Шешілді қыл арқаны қиянаттың.
Ел болып, алғыс айтып бұл дəуренге
Қан, жүрек жақсы соғып тұр кеудеңде.
Халықтың ден саулығы – зор бақыты
Рухтың бостандығы болған күнде.
Қуаныш! Қуанышқа шек жетпейді!
Өжет ел өз тарихын тергетпейді,
Қаңқылдап қайтқан қаздай мекеніне
Оралды он сан сабаз шөлдеп пейлі.
Тағы да түспей қайнап қазаны оттан,
Той жасап жатыр бүгін Қазақ атаң:
Бір кезде аспандатқан аруағын –
Айналып кетейін, – деп, – азаматтан!
Сан жылдар Ахаң жайлы аңыз айтқан,
Соңғы рет тілдің майын тамыза айтқан,
Құттықтап перзентінің бесігімен
Жақында Ақкөл жаққа барып қайтам...