11.07.2022
  883


Автор: Ғафу Қайырбеков

«ДАЛА ҚОҢЫРАУЫ»

1
Арқада бір өзен бар,
Өне бойы тал, қамыс.
Өне бойы балықтар,
Өне бойы толған құс.
Үстінде оның боз торғай
Ылғи таңда сайраған.
Қарауыңа көз талмай,
Көңіліңді байлаған.
Бетінде оның теңселген
Əсия-гүл – көк қалпақ.
Кешіп барсаң белшеңнен,
Жасыл сауыт топ-томпақ,
Ілігеді қолыңа
Ирелеңдеп сабағы.
Жатар түнде жолыңда
Айдың аппақ табағы.
Қаймығасың басуға
Алам ба деп сындырып.
Құлағыңның қасында.
Сыбыр-сыбыр тұңғиық.
Анау жерден ақ қайран
Айға шапшып секірді,
Су астынан лақтырған
Күміс ақша секілді.
Мынау жерден бір шортан
Шайқап өтті құйрығын,
Сонысымен шайқалтқан
Нар қамыстың сүйрігін.
Иір-иір – кезең жар,
Көзің кетпес тоқталмай.
Арқада бір өзен бар.
Аты оның – Көк Торғай...
2
Сол Торғайдың жағасы –
Тізілген бір ақ қала.
Ақ қалада дəл осы
Дем алады көп бала.
Жаздың сайран төсінде
Ойнақ салған балалық.
Күннің таң мен кешінде
Шат күлкісі таралып.
Бұл – пионер лагері,
Алатұғын жұрт үлгі,
Бар өлкеге əйгілі,
Бар өлкеге сүйкімді.
«Дала қоңырауы» – деп
Атын қойған əдемі,
Алар көздің жауын көп
Балалардың əлемі.
Көзбен көр де, көңіл аш,
Дегендей-ақ əдейі
Кіл қара қас, қолаң шаш
Апайы мен тəтейі.
Əн үйреткен, би баптап,
Келе қалсаң мұнда сен,
Айтқандары кіл тақпақ,
Тартқандары күй əсем.
Салют-сəлем білдірген
Маңдайында қолдары,
Қақпа алдында кідірген
Меймандардың жолдары.
Мұнда берген білімнің
Бəрін қадір тұтасың.
Мұнда туған тіліңнің
Бал-шырынын жұтасың.
Мұнда салтты, дəстүрді
Сəби күннен үйреткен.
Еске аласың жас күнді
Өкінішпен құр өткен.
Еске аласың жас гүлді
Қолмен баптап күнде еккен.
Жаңа толқын – тасқынды,
Заманы бар – нұр көктем.
Сүйсінесің жүрекпен
Алдыңа кеп бар жалған,
Тұла бойың тілек пен
Жаралғандай арманнан.
Бəрі көзге тым ыстық,
Қиялдайсың сонша көп,
«Осынау бақыт – тыныштық
Ұзағынан болса!» – деп.
Сондай ғажап лагерь бар,
КөкТорғайдың бойында,
Əлі жүрек ынтызар.
Əлі қалған ойымда.
Салады еске Ыбырайды, –
Ұлы дала қоңырауын,
Айтады аңыз гүл жайлы
Мекендеген омырауын.
Салады еске немесе
Сол даладан самғап үн:
Орындалған он есе
Данышпанның арманын.





Пікір жазу