11.07.2022
  97


Автор: Ғафу Қайырбеков

Өткендей жүзік көзінен

Өткендей жүзік көзінен
Үш бірдей қара пəуеске,
Ең алдында өзім мен
Арналған күйме Бəдешке.
Немере мынау төрт қоңыр –
Бауырға кірген балапан,
Төңірек бізге төкті нұр,
Сартылдап соққан алақан
Арасыменен жүйткиміз,
Шомылып бақыт күйіне,
Екі жақ толы жігіт-қыз, –
Салдыр да күлдір дүние.
Қыз Жібек көші баяғы –
Ілескен ғашық, іңкəрлар,
Жерге де тимей аяғы
Жазықпен шапқан тұлпарлар.
Анау да анау көп халық
Сығысып сыймай бір бетке,
Сүйсініп те сұқтанып,
Қарайды ғажап суретке.
Тіршілік неткен нұр-сарай,
Кең еді неткен даламыз!
Ақ бұлттан түсіп бер қарай
Келе жатқандай боламыз.
Рақмет саған, туған жер,
Азамат көңіл-жомарттар!
Сабыр бер, маған шыдам бер,
Салтанат құрған сағаттар!
Алғыс пен тəтті лебіздің
Дауысын есту – бұ да арман,
Ақынды рақат-теңіздің
Жағасына əкеп шығарған!





Пікір жазу