10.07.2022
  238


Автор: Ғафу Қайырбеков

«Басынан Бəзілбектің ат айдадым»..

(Қайнекейге)
«Басынан Бəзілбектің ат айдадым», –
Осы еді бала кезде айтар əнім,
Дауыс жоқ ондағыдай бұлт қайырған,
Тебіреніп тек ішімнен қайталадым.
Бəзілбек – осы өңірдің тау-сымағы,
Даланың басқа киген дəу тұмағы
Бұл күнде тысы тозып, жүні шыққан
Əйтеуір қом денесі сау тұр əлі.
Кескіні баяғыда шөккен нардай,
Суынан «Суықбұлақ» өткен қандай,
О, ғажап, сол өркештің ар жағында
Болатын маған жұмбақ өлке бардай.
Өзгеше ол өлкенің адамдары
Сөйлейтін секілденер маған бəрі,
Тұлғасы біз секілді ұсақ емес.
Батырдай болушы еді майдандағы.
Қиялдың ұшырушы ем құсын соған,
Сəріде күн сəулесін түсірсе оған.
Көзімнің шарасында ойнаушы еді
Құдайдың мекеніндей қызық ғалам.
Бөлініп бері қарай сол думаннан
Бір сұлу маған ылғи қол бұлғаған.
Білмейтін барарымды, бармасымды,
Боламын қазірде де сол күнге алаң.
Несі бар, ат жететін жер ғой барсам,
Əлден-ақ ол қызықты көріп алсам –
Болатын енді көрер қызық жоқтай,
Балалық, о, балалық, өмір жайсаң!
Көргем жоқ Бəзілбектің арғы бетін,
Көретін əлі күнге жоқ ниетім.
Жұмбақ боп сол күйінде қала берсін,
Адамға құдірет керек бас иетін...





Пікір жазу