10.07.2022
  76


Автор: Ғафу Қайырбеков

Əбілхайыр өзені – «Өлкеектен»

Əбілхайыр өзені – «Өлкеектен»
О, балалық, кездер-ай, көктей өткен!
«Əбілхаят бұлағы!» – десеңші деп,
Жақсы көрген ел оны, еркелеткен.
«Хан ағашы – Көктерек» анау тұрған.
Əбіштің романында сан айтылған.
Қабат-қабат дауыл мен жай, нөсерден
Сол ағашқа нендей күш ара тұрған?!
Адам ойы жетпейді оны айтуға –
Себеп қана жұмбақты молайтуға.
Сол ағашта бір түнеп өтсе керек
Еңбек еткен халқына талай тұлға.
Ал «Өлкеек» – өлкенің үйегіндей,
Орта жүз бен Кіші жүз жиегіндей.
Осы арада тоғысқан екі ағайын,
Арқа мен бел – атанның сүйегіндей.
Екі арқанның бойындай – ені бар су,
Баяғыда тартылар жөні бар су –
Қурап, кеуіп кетпестен əлі жатыр,
Əлде астында жұмылмас көзі бар су?
Тағы да ешкім шықпайды оны білген, –
«Білмесе де болады соны мүлдем –
Бəрін білем дегеннің қырсығынан
Көп дүние бүлінген, көбі бүлген».
Дейді-дағы, Бер жақтың бір сақалы
Ар жақтағы сақалға тіл қатады:
«Əй, Қайырбек, шақшаңды бері лақтыр,
Бос сөзбенен тұрғанда күн батады».
Топ ете қап ар жақтан шақша күміс, –
Ал насыбай атылды, бітті бір іс!
Бір-біріне көңілін жалғар солай
Ашу шолақ, кек қысқа – шіркін туыс!





Пікір жазу