Бестау, Бестау! Сағымда дөңгеленген,
Бестау, Бестау! Сағымда дөңгеленген,
Бес қара көк үйдейсің көлденеңнен,
Тағы есіме түстің ғой о, жастық шақ, –
Келе жатқан Торғайдан көк дөненмен.
Бұл əлемге ол шақта – менмін тұтқа,
Ұштастырып қиялды теңбіл бұлтқа,
Келе жаттым аймақтың сақшысындай,
Ұқсастырып өзімді Лермонтовқа.
Қоржынымда қазақша кітабы оның,
Жатқа айтамын ана жол, мына жолын,
Сонда, Бестау, жаңғырып үн қатушы ең
Көтергендей даланың құба жонын.
«Бұлттан да жоғары ұшып долы жаным»,
Мен де айқайлап сенімен жолығамын.
Шошып ұшқан бүркіттер қанатының
Естуші едім жартасқа соғылғанын.
«Мұңлы Демон – тəңірінің қуған жаны»
Мен боламын, əлегі жыннан да əрі.
Жаңа ғана кəрі жер бетіменен
Домаланған даланың бір қаңбағы.
Уа, ақындық – өр шабыт, қайран арқам,
Қайда əкеттің сен мені! Қорқам! Қорқам!
Сол бетіммен көк дауыл қанатында
Тасқа соғып, болам ба мен күл-талқан?
Сен жатырсың, тау-Бестау мұз бір қалқан,
Күн мен жердің арасы – қызыл арқан,
Сол арқанның бойымен сырғанаймын,
«Қазір-қазір» – деймін де үйге қайтам.
Үйім сенсің – Бестауым жырлап тұрған,
Осыншама ақынды «жын қақтырған».
Сенің асыл тасыңның сынығы ем мен
Баяғыда алысқа бір лақтырған.
Тосын сезім, келем мен тосын бапта,
Бір магнит бардай-ақ осы жақта,
Сол магнит – сен, Бестау, келемін мен
Сенің ұлы денеңмен қосылмаққа!