10.07.2022
122
Анау тұрған қос жиде –
Анау тұрған қос жиде –
«Əулие ағаш» атанған.
Шақырады жас күнге
Қызығынан бал тамған...
...Кілең аппақ шүберек
Бұтағына байланған.
Қызыл-жасыл көбелек
Жан-жағында айналған.
Соны қуып ойнаушы ек,
«Əулиеде» неміз бар.
Болмайды – деп ойлаушы ек,
Болашақта жел-ызғар.
Ылғи жазға үйренген
Аңқау көңіл байғұстар.
Сол ғажайып күндерден
Қалған белгі қолға ұстар –
Жуа болды екі-үш тал.
Басам соны тісіме,
Иіскеймін де жұбанам.
Күндер түсіп есіме
Керуендей шұбаған.
Қалған жалғыз шүберек,
Қалған жалғыз көбелек –
Желбіреймін, ұшамын
Қос жидені көбелеп.
«Өзімді өзім тапқанға,
Шүкір» – деймін күбірлеп,
Бəріне де бермек мəн
Тағдыр деген бір мықты...
Аузымдағы кермек дəм
Еске салар тірлікті...