10.07.2022
  113


Автор: Ғафу Қайырбеков

«Бөрене өткел» бір кезде биік өткел...

«Бөрене өткел» бір кезде биік өткел,
Шаң боратып үстінен киік өткен,
Кеуделерін ақ самал сүйіп өткен,
Өткен беті сағымға қойып кеткен,
Шыға келген таласып бойы көкпен.
«Бөрене өткел» үстінен бері де өткен,
Оның-дағы самалға тері кепкен,
Қара тұмсық қандамай, босқа жортып,
Қызыл кемер жағынан бергі беттен
Ауызына ет бүктеп, тіке жарға
Талай қойдың терісін керіп кеткен.
«Бөрене өткел» үстінен жалғыз өткем,
Қайда қуып апармас тағдыр өктем,
Жылдар жылжып, мен оған тағы оралып,
Жетелеп бала-шағамды алып өткем.
«Бөрене өткел» – тас өткел енді бүгін
Мені қосып зымырап халық өткен.
Уақыт қолы туғызған кереметтер
Биігіне санаңмен өрмелеп көр,
Ой жетпеген жерлерге қолың жайып,
Деп тұрғаның: «Жасаған, көбірек бер!»
Көбіректен не пайда қанағатсыз,
Ми қараңғы болған соң көкірек көр.
...Бұлдыр-бұлдыр артымда қалды менің
«Бөрене өткел» яки өмір-өткел.





Пікір жазу