10.07.2022
  129


Автор: Ғафу Қайырбеков

Аманбысың, Қарасай...

Аманбысың, Қарасай,
Есенбісің, Қошалақ!!
Жақсылықпен жалғас-ай,
Мына дүние шоп-шолақ.
Кеше еді ғой кеудеңде
Бала жүрек тулаған,
Жарқ-жұрқ етіп төбемде
Шағалалар шулаған.
Жарылқаушы едің көп елді
Көлбей қонған көктемде,
Сол шағала жоқ енді,
Көлден балық кеткен бе?
Шөптің аты – майқара,
Жесе жылқы семірген.
Жайқалатын жай ғана
Сарыарқаның желімен.
Жайқалушы ем мен-дағы,
Күмбірлеген бір үн кеп,
Өлең болып жан-жағым
Күн астында күбірлеп.
Жасты көзбен жабығып,
Қараймын да, толғанам.
Кеткенбісің тарылып,
Етек-жеңі мол далам?
Əлде менің көз-шарам,
Кетті ме екен кеңейіп,
Шилер қайда самсаған
Көлеңкесі серейіп?
Қараясың құр көзге
Қарасайым, көлбеген,
Шешен едің бір кезде
Мың тұяқпен сөйлеген.
Көңіл – деген сабада
Жалғыз тамшы – шөл ме екен,
Анау жалғыз шағала
Қайта оралған мен бе екем?..





Пікір жазу