10.07.2022
  129


Автор: Ғафу Қайырбеков

Шұбалаң

І
Жай ғана қазақтың бір қопасы еді...
Баяғы қан соғыстың топан селі
Үш рет үстін басып өткен шақта,
Сойқанның сатыр-күтір соққан сеңі
Атағын аспанға оның бір-ақ атты.
Толғағын тосқан болар, сірə, қатты.
Суылдап нар қамыстар су үстінде
Ұрпаққа өз тарихын ұзақ айтты.
Айтты олар көкең1 мінген Шалқасқаның
Дүбірлі тұяғынан шаң басқанын,
Азамат соғысының алапатында
Бір күнде ақ пен қызыл алмасқанын.
Айтты олар тыңдағанның қозғап қанын,
Көргенін не сұмдықты көз баққанын,
Айтты олар атаманның өртегенін
«Большевик ауылының» боздақтарын.
Солармен бірге жылап, бірге жанып,
Алапты қасіретті үнге малып,
Бір күнде жоқ болғанын қалың қопа
Қалқыған су бетінде күлі қалып.
Ойласаң, қамыстың да ұрпағы бар,
Қайтадан қаулауы бар, шырқауы бар.
Солардан жалғыз құрақ аман қалса –
Қайтсе де орынынан бір табылар.
Өмір ғой, өшіре алмас өмірді ешкім,
Мен-дағы сол құрақтан бөлінбеспін.
Сағынып өз қопамды, əулетімді
Тағы да бір қиялдың жолын кештім.
II
Жылдардың жиырмасыншы аяғында,
(Енді оны десең болар баяғыда)
Манағы Шұбалаңның жағасында,
Қопаның жіңішкерген балағында
Қалған кез қалың ауыл шепті аяқтап,
Маялап, шөмелелеп, көк бояқтап,
Сағынып қыз-бозбала шілдехана,
Кəрілер қымыз ішіп саптыаяқтап
Біткенде қартқа желік, жасқа жігер,
«Ал, кəне, бір қызықты бастап жібер!» –
Дескенде, қайран халық, ел тілегін
Кезі ғой жер түсініп, аспан білер.
Ай асты – күміс баған көкке тіреу...
Бір үйге сəуле түсті шеткерілеу.
Астымен сол сəуленің «шүйіншілеп»,
Далбаңдап дабыра шашты көпке біреу.
Қашанда «шүйіншінің» бəрі мақұл,
Дауысы үздік-үздік əлгі «батыр»:
«Қайырбек учительдің жас қатыны
Əлгінде ұл туды...» деп айтып жатыр.
Білмеймін оқиғаны одан əрі...
Дариға айтушыға сол хабарды,
Егерде тірі жүрсе жер бетінде
Берер ем осы күні қолда барды...
III
Той тойлап, «ұл туды» деп, қарындастан
Нағашым Қарахмет барын шашқан.
Дуанның төрағасы ол бір күнде
Қоңырауы күймесінің көңіл ашқан.
Алайда ашылмаған өз көңілі,
Болмаған бауырында қыз бен ұлы
Ақ əжем ол уақытта салтанатты,
Кісі еді келбетінде жүзген нұры.
Бір жаста ана сүттен ажыратып,
Əкеткен, нағашымның назы батып,
Бір өксік əлі күнге көкірегімде –
Ішімнен назалансам шығады атып.
Байғұстар аяған жоқ жанын менен,
Тəттінің дүниедегі бəрін жегем.
Жақсының дүниедегі бəрін кигем,
Келтіріп кемеліне, сəніменен.
Таусылды көп ұзамай сайрандарым –
Тағдырдың түгел қылсын қайдан бəрін.
Төрт жаста қорасанның желі соғып.
Кірпіктің тұрды ұшында қайран жаным.
IV
О, ғажап! Керегім жоқ енді ешкімге,
Қош айтып кешегі бір келмес күнге
Мен жаттым босағада шала-жансар –
Адам-ау, дегенге ешкім сенбес күйде.
Шұбалаң, саған келдім сол шақта мен,
Бір жаста сенен бекер алшақтап ем,
Оранып аппақ кебін шүберекке,
Ұқсадым қазалы жас – моншаққа мен.
Бəрі де – əке-шеше, нағашы да
Көніскен «алласы өзі аласыға»,
Еш амал жасамады, жалғыз қалдым
Сонау бір өмір-өлім таласында.
Көрген соң тірлік-үміт білінбесін,
«Тəңірім, қалғанына жұрым берсін» –
Дейтұғын қазекеңнің əдетімен
Əрі қарай тыңдамады мұңымды ешкім.
Жоқ! Қате! Тағдырыма ортақ адам
Табылды кезімде дəм орталаған,
Бар еді үйде əкемнің бір апасы
Жесір боп, күйеуінен ерте қалған.
Депті ол: – соңғы дəмі біткенінше,
Беріңдер, мен күтейін күткенімше, –
Ажалға шарасыздық ісін жасау –
Қиянат болар, бəлкім, жұрт көзінше!
Ал содан қырық күн, қырық түн шешпей белін,
«Қой!» – деген тілін алмай еш пенденің,
Бағыпты байғұс мені, қайта оралған
Сарқылып бірте-бірте өшкен демім.
Білмеймін жазды мені немен емдеп,
Жатқанда «кəзір-кəзір жөнелем» – деп.
Əйтеуір тұрып алды мені қимай
Дүние жанарымда көлденеңдеп.
Не керек аяулы апам жазды мені.
Есімде оянғанда жаз күні еді.
Шұбалаң, жасап жаттың құс базарын
Ежелден аққу елі, қаздың елі.
Көзімді алақанмен көлегейлеп.
Тұрдым мен, шақырдың сен «келе ғой» – деп.
Ұмтыла жөнелгенде, дар-ете қап
Жыртылды ауру сіңген көне көйлек.
Лақтырдым, кете барды жел ұшырып,
«Боса да қайта тудым» – деп түсініп,
Толқынға тыржалаңаш қойып кеттім,
Жаңа бір өмір сыйын сен ұсынып.
Жоқ екен сол суыңнан артық дəрің,
Жуды ол денемдегі дақтың бəрін.
Содан соң кіп-кішкене ақ желкендей
Тірліктің толқынында ақты жаным.
V
Қарадым есім танып кең əлемге,
Бақытты бала жоқтай менен өңге,
Бəріне құшақ жайдым, құстай ұштым,
Қол тосып: «Кел, сəбиім, кел!» – дегенге.
Шақырды дүние даусы сан тілімен,
Көз арбап мың бояулы жарқылымен,
Есімде ауру да жоқ, азап та жоқ –
Шат көңілім шарықтады, шалқыдым мен.
Ешкімге өкпе де жоқ, кінə да жоқ,
Ойымда кек дегенің, сірə да жоқ,
Сəби де жаңа туған не болады –
Ешкімнен алған да жоқ, сұраған жоқ.
Сүйдім мен, жақсы көрдім ата-анамды,
Бəрі де ауыр түстей артта қалды.
Бəрін де кешіруге жаралыппын,
Солай деп атымды да атаған-ды.
Əрине, кейін білдім оның бəрін,
Бір өртке тумай жатып шомылғаным,
Бір адам су себелеп қырсық отқа
Қырық күн алақаны ойылғанын.
Бірақ мен түйсікпенен əлде жұмбақ
Біліппін бүйрегімнің кімге бұрмақ
Жағдайын, Рақия-апам деген кезде
Кететін тұла бойда қан шымырлап.
Мен сəби сағалаппын күнде апамды,
Ұғардай тек сол ғана мұң-қапамды.
Есімде еміс-еміс, бір күні ол
Қалаға өзіменен бірге апарды.
Көп ойнап балалармен қора жақта
Апам жоқ, үйге келсем, жыла, жат та!
Дейді бір қара кемпір тұрып сонда:
– Апаңды жаңа ғана жақтым отқа.
Сирағы анау жатыр – деген кезде
Еңіреп қоя беріп, келмей сөзге
Қып-қызыл жанған пешке ұмтылыппын,
Шыбын жан көбелектей көлбеп көзде.
Əзілкеш абысындар зəресі ұшып,
Алыпты əрең-əрең ара түсіп;
«Оттан да қорықпайтын неткен неме,
Өлермен екен, – депті, – мына күшік!
Білмеймін, қандай сезім, қай құдірет,
Тұратын апам десе – жан елжіреп.
Санадан, ақыл-ойдан өзге де бір
Сезетін нəрсең бар-ау, қайран жүрек!
VI
Шұбалаң, күндіз-түні сені көрем,
Өзінше жатқан өлке, кең бір əлем.
Күндерді жалаңаяқ есіме алып,
Тағы да құшағыңа келіп енем...
Қырында Көкпектінің тұрып алып,
Жан-жаққа көз саламын, мың бұралып
Жатады жасыл Торғай табанымда
Байырғы арнасымен сырғып ағып.
Мұнартқан бір-бір қыстау арғы бетте
Сүйеген тұмсықтарын əр түбекке,
Аталған аталардың есімімен
Дүниеге өз сөздерін айтып өткен.
Ар жағы Бестөбенің боз жотасы,
Бауырында «Ортақ қоға» – өз ботасы,
Шығыста «Батыр атам Баймырзаның
Бейіті» – осы күні тозған тасы.
Бер жағы көк шабындық – жасыл желек
Тірелген Батпақсуат басына кеп.
Көктемде су тасыса сол табанмен
Балығы қырға шығып қашып əлек.
Шұбалаң, шұбатылып келіп-келіп,
Қорғандай алқабыңа көрік беріп,
Сол жерде тоқтаушы едің, туған қопа,
Суланып аяқ жағың, көбіктеніп.
Сол жақта жабы жатар Малдыбайдың,
Ол жақтан өте алмайды қарғымай Күн.
Оршып кеп осы арада қосылады
Көктемде көк тасқыны Тереңсайдың.
Ту сыртта, тау басында Бейсен тамы
Болады Шұбалаңның десең тағы –
Көрінер жолаушыға түн ішінде
Аруақтың жылт-жылт етіп жаққан шамы.
Сарысай төмендегі – жол мекені,
Ар жақта қамыс басын тербетеді.
Сол сайдың үстін басып Қостанайға
Торғайдан күрең қасқа жол кетеді.
Сол жолдың терең дымқыл табанымен,
Таласып соңғы жұлдыз, таң алдымен
Бірдеме жүгіретін ағараңдап,
Жарысып сар даланың самалымен.
Өлшейтін жолдың ұзын, көлденеңін,
Қуғандай көлеңкесін əлдененің.
Шығатын ауыл жақтан анам даусы –
Достарым, бала күнгі ол – мен едім.
Не іздедім, нені қудым– алаң-елең,
Айрылып қалып жүрді анам менен.
«Бақсының күшігі» – деп ұрсушы еді –
Сол жыным сен бе екенсің, қайран өлең!
VII
Қыздырып күннің қызыл алақаны
Бармағын көк толқынға жалатады.
Сол кезде жар басында мен отырам
Секілді қара қарға балапаны.
Сабаудан қармағыма сап жасап ап,
Бір шабақ алсам, соны олжа санап,
Кішкентай уысыма орнықтырып,
Онымен сөйлесуші ем оңашалап.
Секілді көрінетін сөзі ғажап,
Қап-қара маған тура көзін қадап,
Ауызы дамыл таппай сөйлер еді
Кəдімгі шешендерге өзін балап:
– Құрдасым, – дер еді ол, – аманбысың,
Қалайша жетті сенің маған күшің?
Біреудің мен де сендей баласы едім,
Ақ торта бұлғақтаған анам үшін.
Тілегім – қоя бер сен, көп ұстама,
Мынау жер – тек адамға қоныс қана,
Əркімнің өзі туған мекені бар –
Мекенді сүю деген – борыш, бала!
Айырма мекенімнен, айдынымнан, –
Болмайын, босқа бекер қайғылы жан.
Əнекей, іздеп жатыр нəсілдестер
Толқынның өркешінен, ой-қырынан.
Егерде дос боламын десең маған,
Қармақсыз кездесейік осы арадан.
Мекенім – су астында алтын сарай,
Ата-ана құты аумаған босағадан.
Мен соған апарамын сені бастап,
Ойнамақ, өз еркіңде көңіл ашпақ.
Күміс бел, алтын қанат балықтар бар
Көзіңнің жауын алып, шөлін баспақ.
Ал кеттім, қош аман бол жолыққанша! –
Деді де, оның сөзін мен ұққанша
Шолп етіп, қолдан сусып, болды ғайып, –
Байғұста, – деп ойлаймын, – айып қанша? –
Көп тұрып, не болады өліп қалса!
Үнемі мен де суда тұра алмаймын,
Жұтады мынау толқын, мынау айдын: –
«Əркімнің мекені бар» – деген сөзін
Қайтадан есіме алып, қиялдаймын.
Əрине, қиял оны сөйлестірген,
Кезімде ұқтым кейін мен ес білген.
Не жетсін балалықтың көңіліне
Балықты адамға əкеп теңестірген.
«Əркімнің айырмасын мекенінен» –
Дегені кетпейді əлі көкейімнен,
Мекенім – шуақ ордам, Шұбалаңым,
Атыңнан айналып-ақ кетейін мен.
VIII
Пай-пай-пай, көктемдегі құстың көбі-ай!
Ұшқанда қамыстардың үстін жалай
Аспанға бүкіл қопаны алып шығып,
Көк пен жер арасында алтын сарай
Орнатып жатқандай-ақ, ұя салып,
Құлаққа алуан дыбыс құя салып,
Ауаны шимайлаушы ед құс қанаты,
Жыртылып көл үстіне құласа бұлт
Соның ақ ұлпасынан жұмыртқаға
Төсеніш жасаушы еді жырып қана,
Иісі балдыр, шылау, қоғажайдың
Тұратын танауыңда тұнып қана.
Құстардың төрелері, не сабазы,
Кір шалмас денелерін аққу, қазы
Қопаның айдынына орналасып,
Етекке естілмейді сұлу сазы.
Бер жақта ұсақ құстар мекендесін,
«Біздейге осы жайда жетер» – десіп,
Өзінше күтіп-баптап лашықтарын,
Төр іздеп əуре болмас бекер көшіп.
Кəдімгі айнымайды астанадан
Төрелер сарай салып, тас қалаған.
Қалғаны қара жұмыс иелері
Шеттегі үлес алған баспанадан.
Осылай күндіз-түні шуға басып,
Бір айдай əрең-əрең ұяласып,
Тыншығар бала-шаға бас қамымен,
Тіршілік жан-жағына тұқым шашып.
Ал одан сəл-пəл бұрын бала біткен
Асығып бұл науқанды шала күткен,
Жамырап кетер еді жұмыртқа іздеп,
Салынды қоға, қамыс аралықпен.
Жалаңаш, бойлап жүзіп, жылжып еппен,
Аласа құрақтардан ырғып өткен,
Айнымай суда жүзген қарбыздардан
Бастары əрбір тұстан қылт-қылт еткен.
О, шіркін, ол бір сəтті ұмытпаспын,
Таяқпен қоғалардың түріп басын,
Денемді қияқ жыртып, мен де бір күн
Іздедім шағаланың жұмыртқасын.
Қолыма енді қамти бергенімде,
Сарт етті бір жұдырық өңменіме.
Не десем – шағаланың топшысы екен,
Қарамай ұмтылыпты өлгеніне.
Көзінде кіп-кішкентай от жанады,
Сол оттан білінеді кек хабары.
Орнымнан шегіншектеп барып тұрдым,
Бар екен жұмыртқаның оқ қағары.
– Балақан, – деді, – болмас бұл іс лайық,
Екеуміз осыменен танысайық.
Əркімнің өз ұясы, мекені бар,
Ұясын қорғап қалу емес айып.
Таңғалдым, сөйлейді екен бұл да адамша!
Қылмысым болмаса да қырған онша,
Кінəлі жандай болып кете бардым,
Қадірі дұрыс сөздің тыңдағанша!
«Əркімнің ұясы бар», – дедім іштен,
Жаңағы əсер алып көріністен.
Ең алғаш құс тілінде мен естіген
Сонау сөз кетер емес əлі де естен.
Шұбалаң, менің де алтын ұямсың, сен,
Басымда таусылмайтын қиялсың, сен.
Қияға сен ұшырдың өз қойныңнан,
Арман жоқ мен өзіңді құлай сүйсем!
IX
Сарысайдың жағасында көп төмпешік...
Арасын «қаз отының» өткен тесіп.
Секілді бабалардың бөріктері
Басынан баяғыда кеткен шешіп.
Үйі олар, құмырсқаның илеулері,
Жосылған бірі кейін, бірі ілгері.
Сан жетпес транспорт айқыш-ұйқыш
Секілді Арқалықтың карьері.
Отырам осылардың мен басында,
Қарбалас тіршіліктің бəрі осында.
Отырған сияқтанып күлем өзім –
«Гулливер лилипуттар арасында».
Қиялды елестетем одан əрі...
Осы өмір секілденер маған бəрі...
Бейне бір пішен шауып, үйіп жатқан
«Терең сай», колхозының адамдары.
Əне жүр əкем, ағам, інілерім, –
Соларға жоғарыдан үңілемін.
Естіліп дауыстары, сөйлегені –
Сезінем анамның да жылы демін...
...Біреуі шөп тістеп ап, самғап ұшқан,
Біреуі жүк көтеріп, бел қайысқан,
Тұра қап сəлемдесіп, кетеді əрі
Бəрін де жетектеген жол-данышпан.
Дамыл жоқ, көз ілеспес жылдамдықпен
Жосиды құмырсқалар бір қалыппен,
Ғажайып мынау құрылыс, мынау үйлер –
Салынған мол ынтызар, құмарлықпен.
Əрекет теңізіне шомылғандай,
Берілген өз ісіне бəрі қандай!
Жатқандай сол үйлерді көкке тіреу
Жоспары бірақ əлі орындалмай.
Мен бала, маған қызық мұның бəрі, –
Бардай-ақ ұйымдықтың ұлы мəні,
Отырмын таңертеңнен, байқамаймын
Төбеме кеп қалғанын күннің-дағы.
Шақырған анам даусын «қайт, қайттаған!»
Ішінен көп айқайдың айтпай табам.
Шошиған төбесінен əлгі «үйлердің»
Алам да, бір шыбықты қадап қалам.
Бойымен сол шыбықтың өрлеп келіп,
Ірілеу бір құмырсқа мені көріп,
Ал кетсін сөйлеп-сайрап содан былай:
«Балақай, бойыңдағы не бір желік?
Біреудің салып жатқан үйін бұзып,
Баласың ісің қисық, түрің бұзық. –
Дейді ол, тағы бізше сөйлесіп тұр, –
Дүние болып кетті мүлде қызық. –
Əркімнің өз үйі бар, илеуі бар,
Сол үйді басқаруы, билеуі бар.
Қамқоры, қорғаштауы, қорғауы бар,
Сен оны мына бізден үйреніп ал!» –
Қасыма, мұрты ма əлде, жыбырлатып,
Соны айтып, кете барды зымыратып.
Жаздым да талып қалған қос тіземді
Көп ойға сол арада тұрдым батып.
«Əркімнің өз илеуі, өз үйі бар!» –
Жарқ етіп найзағайдай сөзі бұл дəл,
Қадалды санама кеп, о, керемет,
Келіпті көп нəрсені кезім ұғар...
Шұбалаң, сен де менің өз илеуім,
Бүгінгі жыр тоғытып, сөз билеуім, –
Бəрі де сенің күшің, кейбір түнде
Сағынып, бір сені ойлап көз ілмеуім.
Кеш мені, кеттім самғап тым алысқа,
Жүрсем де кейде келіп демалысқа,
Қарауға баяғыдай бір сəтім жоқ,
Ғұмырға не амалым бар мына қысқа!
Ризамын сонау сəби тұрмысқа мен,
Сөйлескен құс пен балық, құмырсқамен,
Іңгəлап сол уақытта жатса керек
Жарықтық жүрек – деген қуыста өлең!
X
Заманның аласапыран ұйтқысында,
Түсіпті аштық деген жұрт қысымға,
Мен анау ажал аузында жатсам керек
Халықтың қирап шыққан бұл тұсында...
Бес жаста, арасында сандырақтың
Білмеймін уақыттың алдын-артын.
Сұрапыл түс секілді маған бəрі
Өң түгіл, ұйқыда естен тандыратын.
– Əйтеуір Бапаң алып қалды ғой, – деп,
Ажалдан көзі соқыр, қанды көйлек,
Сол жылда бір əулетті сүйреп шықты, –
Бұйырған көрешекке дəмді қой, – деп.
Кейінде əжем айтып отыратын,
Кеудесін күрсініске толтыратын.
Балам деп, əкем мені тұтынған жоқ,
Бапам деп, жүргеніммен айтып атын.
Болған соң менен өзге төрт баласы,
Баяғы нағашыға жоқ таласы,
Дейтұғын: «Бір бергенді қайтып алман» –
Кісі еді кететұғын сертте басы.
Қалыпты кескіні де шала есімде,
Шыққанда мен сегіздің белесіне,
Мəңгілік сапарына кетті аттанып,
Мініп ап келмес жолдың кемесіне.
Соңына ертіп еді екі-ақ рет,
Баласын кім жек көрер: «Кет əрі», – деп.
Бірінде өзен бойлап келе жаттық,
Күз еді, тұрған желдің қаһары үдеп.
Екі үйрек өте берді тұстап əрмəн,
Ұшуға уақыты жоқ, қысқа қалған.
«Қара, – деп, – мыналарды!» – сол қолымен,
Соңына бір бұрылып, нұсқады алдан.
Бірі үлкен, бірі кіші – бүйірлесіп,
Келеді бауырымен суды кешіп.
Болды əкем сөйлегендей сол бір сəтте
Мен емес, əлдекіммен күбірлесіп.
Не айтты ол?
«Біз де осындай» – деді ме, əлде? –
Тіршілік байқағанға толы мəнге,
Мен бар деп ойламастан, содан кейін
Басты бір қоңырлатып мұңлы əнге.
Үнді еді саңғырлаған даусы ашық,
– Ескіше кетпеді одан ешкім асып,
Дауысын пайғамбардың сағынғанда
Құранды оқушы еді əуез шашып. –
Деп, кейін шешем байғұс еске алатын,
Мөлдіреп кірпігінен жас таматын.
Ол жолы: «тағы да айтшы» дей алмадым,
Жайымды білгенім жоқ кеш қалатын.
...Бірінде келе жаттық қала беттеп,
Көктемде тұрып еді дала көктеп.
Тоқтадық бір түбектің түбіне кеп,
Жүзіме жасқаншақтау қарады ептеп.
Алдында құлазыған бір төмпешік,
Əр жерін құрт-құмырсқа кеткен тесіп,
Соларды топырақпен бітеп жатты,
Үстіне жапты жəне көкпек кесіп.
Мəніс бар ұға алмадым мұнда қандай,
Содан соң тосты-дағы күнге маңдай,
Құранды күңірентіп оқыды ұзақ –
Мен тұрдым тағы бір əн тыңдағандай.
Мұнартқан жасын сүртіп көздегі енді
Бір уақыт əкем сосын сөзге келді:
– Бұл жатқан арыстай боп, қайран сабаз
Кешегі Əбубəкір жездең еді.
Қайырсыз ашаршылық қырсығынан
Қиылды отыз жаста қыршынынан.
Жете алмай анау Торғай қаласына
Үзілген осы арада бір шыбын жан.
Шекпенін жамылғанда қала берген.
Ол кезде аз ба бұлай адам өлген?
Көр қазып қоюға ешкім мұршасы жоқ,
Жабуға топырақпен шама келген... –
Деп маған баяндаған сөзі есімде,
Бұлт ұйып күннің алтын көзесінде
Төңірек мұнар тартқан сəті еді бұл,
Тірінің өліменен кездесінде.
Одан соң уақыт зырлап, жылдар өліп,
Ол жатқан қуаң жаға мұңға бөгіп,
Құс атып, балық аулап жүргенде мен
Басына соғатынмын жылда келіп.
Не дерсің қырық жылдай елден кетсем,
Болыпты енді бүгін жермен-жексен.
Нақ содан бір жыл кейін Бапам қайтты,
Соңы сол сапарымның бірге кешкен.
Жорыған тастандыға баяғы ұлға
Дариға, білмеді ғой аяғында
Атының мəңгі бақи байланарын,
Айтылып бүкіл өмірбаянында.
Шұбалаң, қара шаңырақ, ұясың, сен,
Қөзімнің шеңберіне сыясың, сен,
Сол күннен аман қалған екеуміз-ақ,
Сондықтан бəріне де куəсің, сен!
XI
Мен əлі көргенім жоқ мектеп алдын,
Ол жылы ұмтылғанмен жетпей қалдым.
Бір қыста бір əулеттен төртеу өліп,
Тағдырдың садағынан оқ қадалды.
Көзімде шұбатылған қара керуен,
Молаға əлсін-əлсін бара берген.
Құлақта бала даусы, ана даусы
Аңырап қолын жайып қала берген.
Соқты бір қара дауыл жаз басынан
Дегенше: «Қырға шығам, бозға шығам» –
Жайнаған жасыл шепті жайпап кетті
Жаралған ағыл-тегіл көз жасынан.
Ол аздай – тағдырдың да дауылы көп,
Ел ішін басты шөгіп бір ауыр дерт.
Қотанда қара машина тұрып алды...
«Халықтың қара ниет жауын» – іздеп.
Күн болды кілең құзғын үймелеген,
Сөз қайда: «Жазығы жоқ, тиме!» – деген.
Жағасын азаматтың жыртып, жұлып,
Шалдардың сақалынан сүйрелеген.
Сап болды ауыл бір сəт тұншыққандай,
Білмеді өтті соғып қырсық қандай,
Астында жердің шаңы борағанда
Аспан да көздің жасын бір сыққандай.
Бұл – шындық. Шындықтың да сұмдығы еді,
Сұмдықты көз көрмесе – кім біледі?
Сол күндер үлкен түгіл, бала менің
Қанжардай жүрегімді тілгіледі.
Шұбалаң, сен де көрдің шыдап бəрін,
Қалғанын жауап таппай сұрақтарың,
Үстіңді басып өткен қалың шаңнан
Ағарып көк алақан құрақтарың.
Осыдан бір ай кейін, ел пішенде...
«Шалғынды, амандарың, енді серме!» –
Десіп жұрт, есеңгіреп есін жиды
Соғатын күші барда сеңді сенге.
Ақылға бай болмай ма жамағайын,
Шиеттей бала-шаға қалған жайын
Көрген соң, шешеме кеп кеңес берді: –
Уақыт қиын боп тұр барған сайын.
Бұл – ақыл: балаларыңның жайы деп біл,
Ағайын жəрдеміне дайын кеп тұр, –
Бүгіннен қалдырмастан өртеу керек
Қос сандық қағаздарын Қайырбектің.
Елде жоқ ғұлама еді кітап ашқан,
Мүфтидің өзі мақтап, мөрін басқан.
Кететін жұрттан бұрын сол болатын,
Тілегін адам екен тəңірі қосқан.
Оқыған ұстаз тұтып Қайырбекті
Кешегі шəкірттердің бəрі кетті.
Қырсығы кейінгіге тимеу үшін
Істейік осындай бір əрекетті.
...Сорлы анам мынаны естіп еңіреді:
«Кітаптан ол ағайын не біледі?»
Ойлады балаларын, қимады көп
Қайтсін ол, қараңғы еді төңірегі.
Басына тұрды толқып қоралы ой кеп:
– Күтейік, жақсы күндер соғар ғой, – деп, –
Əкенің кім екенін білмей қалған
Мына бір байғұстарға обал ғой, – деп.
Тыңдай ма ол кездегі тым «тығыздар» –
Мен тұрдым жүрегімді қымтып ызғар,
Ішімде əлденелер үзілгендей,
Миымда жатқандай боп айтылып зар.
Сырғанап екі абдыра төрден кетті...
Сіңірді ағайындар «көп еңбекті».
Əкемнің өлгендігін енді білдім,
Таппастай шарласам да жер мен көкті.
Өртенді шумақ-шумақ түтін бұлттай,
Кешегі қабырғасы бүтін жұрттай.
Сірескен қалың-қалың қайран кітап
Бір адам сақтап келген бетін жыртпай.
Бар еді қалың қара дəптері бір,
Шабытты келген шақта сəттері бір,
Өлең бе, əлденелер жазушы еді –
Қараушы ем еріндері етсе күбір...
Болса егер, ол да кетті қош айтысып,
Көрді жұрт, өрт етегін қоршай түсіп. –
Бұлардың жазығы не? – деп сұрады,
Бір шалдар бөріктерін шошайтысып.
Жауап жоқ енді қайтіп ол сұраққа,
Мынау бір түнгі сəуле, мол шыраққа,
Таңырқап, жасты көзбен қарап тұрдым,
Шеткері, елден аулақ, алысырақта.
«Өшсін, – деп істегендей арты мəңгі» –
Кеудемде ыза-кектің оты жанды.
Сонау бір шөккен екі қара түйе
Қотанда қозғалмастан жатып алды.
Білмеймін, жел болмады сол күндерде –
Бітпеген қарызы ма оның жерде,
Қорыған ғайып дүние көлеңкесін
Бақытсыз күзетшідей болдым мен де.
Шұбалаң, ішің толы бір қапырық
Қалды ма сол күндері мұңға тұнып?
Басында қамысыңның соның күлі
Тұр ма екен əлі күнге ырғатылып?
XII
О, шіркін, жігіт еді Əбдікəрім,
Аймаққа он сегізде аты мəлім.
Ажары ақ сүйріктей адам еді,
Лаулаған тұла бойдың бəрі жалын.
Атаған Ақкеріш деп елі сүйіп,
Ат беріп, күмістеген ер ұсынып,
Сыйлаған əр шаңырақ: «Өз ұлым!» – деп,
Жасынан жұртқа маңдай тері сіңіп.
Сонау бір тайғақ жолда ауыр батпақ,
Тұрғанда аштық қысып, ауру қаптап,
Дəрігерлік өнерімен, көмегімен
Талайды ажалынан қалған сақтап,
Алты ай қыс, алты ай жазда үйін көрмей,
Іс етті ол туған өлке сүйінгендей,
Əкенің баласы емес, жұрт баласы –
Көрінген жалғыз өзі дүйім елдей.
Қалада ол дəрігерлердің бастығы еді.
Заманның білім алған жас түлегі,
Халықтың денсаулығын түзеу болды –
Сол шақта жігіттердің бас тілегі.
Кірісті білектерін түріп тастап,
Бəрінде жаңа жігер, үміт асқақ,
Жан дерті, тəн дертіне ем іздеді –
Билеген жүректерін биік мақсат.
Кез еді қайта жайнап жан гүлдеген,
«Тірлікте əлі аманмын, бармын!» – деген.
Дəуірдің жаңа мүлкі – бəрі өзінде,
Патефон, велосипед, шаңғың деген.
Достарын сүюші еді шын жүректен,
Жоқ еді серіктерсіз бір күні өткен,
Киімді киюші еді жарастырып,
Ылғи бір көк мауыты, шым жібектен.
Қайтарған көңілінің ел де есесін,
Сұңқардай қызықтайтын ер мүшесін.
Қос ару қашан көрсең қолтығында
Торғайдың кезуші еді кең көшесін.
Біткен жоқ ондай бақыт көп сабазға,
Мезгілсіз күні қурап кеткен аз ба?!
Əнші еді, ақын еді ол жыр жазатын
Өңкей бір шытырлаған ақ қағазға.
Əрине, кейін білдім оның бəрін,
«Болмаған істе қате, жолында мін
Жігіттің төресі еді» – десетін жұрт,
Білдіріп күрсініспен сағынғанын.
Ауылға соғушы еді ат шалдыртпай,
Аспанда жарқ ететін ақша бұлттай,
Қасында өзіне ұқсас нөкерлері
Болаттан шығыршығы ақ сауыттай.
Сол еді – менің жалғыз туған ағам,
Ертегі, əлі күнге аңыз маған,
Ол болса, бұлай болмас едім ғой деп,
Тағдырға қартайғанша арызданам.
...Соқты кеп соңғы дауыл – соғыс деген,
Жар шықты: «Ұлы Отанға болыс!» – деген.
Аттанды Əбдікəрім алдыменен
Жасында жиырма бес – тал түс, – деген.
Шұбалаң, есіңде ме, сондағы шаң?
Бетіңді көметұғын жолға бұрсаң, –
Шайқалып нар қамыстың шашақтары
Болмады желкілдеуге онда мұршаң.
Сыңсыдың жылаулы елге үнің қосып,
Қалтырап аза бойың, тұрдың шошып.
Сарнады уақыттың сар қобызы
Бір күнге міңгестіріп бір күн қосып.
Мен көрдім ақырғы рет жан ағамды,
Астында күрең қасқа ат майда жалды,
Қаладан ағып келген бойыменен
Үстінде қара жолдың тұрып қалды...
Қалың ел қоштасуға шыққан беті,
Аз күнде, қасірет қауіп, тұтқан дертті,
«Ақкеріш! Ақкеріш! – деп, сан қайтара
«Қош!» – деген халық даусы бұлтқа жетті
Көрінді жас іркілген жанары анық, –
Арманның оғы тиіп, жараланып,
Суырылып топ ішінен шыға берді
Соңғы рет туған жерге қарап алып.
Жүгіріп, дауысымды естіп шырылдаған
Артына бір жалт қарап, бұрылды ағам,
Көзіне сонда жасы тимей кетті,
Құлаққа жетті даусы «құлындаған».
Жабыстым үзеңгінің сағағына,
Мен онда шақырымды санадым ба,
Білмеймін қаншама жер зырлап ұштым,
«Сужарған» келіп қаппыз танабына.
Бетіме тамды сонда соңғы жасы,
Кіжініп əлдекімге келді ызасы,
«Қайта ғой, – деді сосын, – ораламын,
Жеткенде қырсық жаудың жерге басы!»
Сөйтті де, қамшы басты күрең атқа,
Мен үшін өз тобынан қалған артта:
«Аманат! Аманат!» – деп айқай салды,
Қалдырды кімге мені аманатқа?
Қалдырған арманы ма əлде маған?
Əйтеуір есіл көңілі болған алаң.
«Мен сені жеткізе алмай кетіп барам» –
Дегені, борышы ма жалғанбаған?
Тағдырын қыстырды да белбеуіне,
Алқаудың иек артты белдеуіне.
Сол жолы бар жасыма шомып қайттым,
Кім білсін, көрінді ме келмеуіне?
Əлде ол балалықтың көз жасы ма,
Соқпайтын енді қайтып өз басыма?
Иə, сөйтіп қош айтысып балалық шақ
Ағамның кете барды қанжығасында...
Ағамдай оралмады ол мəңгіге,
Мен тарттым болашаққа, қалған күнге.
Шұбалаң, өзге өмірді кейін айтам,
Осымен тəму-тəмəм болды əңгіме.
Шұбалаң, сөз бітірдім жылдам-жылдам,
Алпысқа олжа салып толар жылдан,
Өлкесі қиын-қимас балалықтың
Мұнартып көріне бер сен алдымнан!





Пікір жазу