10.07.2022
86
ЖƏНИЯ ƏУБƏКІРОВАҒА
Күй жосиды бүкіл залды толтырып...
Көз алдында көк омырау көл тұнып.
Су бетінде қозғалады қос аққу,
Дүниеге сəн орнатып сəл тұрып.
Одан əрі көп жанардан жасқанып,
Бұл дəуреннің шолақтығын еске алып,
Кетеді Айдың сəулесімен тоғысып,
Айтып бізге – «Қайырлы күн, кеш жарық».
Əлгі аққудың сыңарындай адасқан,
Ақ көйлекке қара шашы жарасқан.
Бір қыз сонда шыға келер иіліп
Сахнаның пердесінен жаңа ашқан.
Моцарт, Шопен, Бетховенді, Шубертпен
Саусағының ұшыменен тірілткен.
Кіп-кішкентай қызына осы қазақтың
Бүкіл Париж қолын соғып дүрліккен.
Басылмайды бірнеше күн дуылдап,
Тік биіктен құлағандай мың бұлақ,
Көппен бірге шақырады қызды ұзақ
Фортепьяно өз-өзінен сыңғырап...
Ал бұл жақта, Алматыда бір ана
Теледидар алдына кеп тұр жылап.