ЖАС АҚЫНДАРҒА
Асқар таудан еріген
Биылғы қардың суындай,
Бұлт шашынан төгілген
Жас жаңбырдың буындай.
Жаңа таңда оянған
Жаңа күннің көркіндей,
Жай отынан жаралған
Жас «Жігердің» сертіндей.
Жақсы кепсің, достарым,
Астанаға жыр артып,
Жауқазындай жас қауым,
Біз қараймыз құмартып.
Көріктерің тамаша-ау,
Сарайларың саңғырлақ,
Жүрек жалын, жан асау
Жүген тимес арғымақ.
Сезім адал, ой таза
Шапшып аққан бұлақтай,
Кеудең ашық дарбаза
Керуен өткен тұрақтай.
«Мынау жастық жырлары,
Мынау дастан қат-қабат,
Мынау əндер жинағы,
Мынау кəдімгі махаббат!»
Тең-тең жүктей саралап,
Тастапсыңдар үйіп-ақ,
Біз келеміз аралап,
Үлгіруің қиын-ақ.
Сендерменен бақытты
Алдағы ұлы мерекең,
Қуатты елдің шабытты
Ақындары бар екен.
Сөз сендерге берілді,
Енді қарап тұрмаңдар,
Мынау жайсаң өмірді
Бейбіт күнді жырлаңдар!
Ал мен солай жырды аштым,
Бойынан саулап шың-тастың
Рухымызды жаңғыртып
Жуып өтсін бір тасқын.