ЖҰМЕКЕН ЕСКЕРТКІШІНЕ
Қаншама өлең
Қалды жердің астында,
Енді айналып
Тасымайтын тасқынға.
«Мұнда сен бар» –
Деген сөзді арқалап,
Қайысып тұр
Қабырғасы тастың да
«Қай дүниеде
Рахат бар ақынға!» –
Деп сұрап ең
Осы былтыр, жақында.
Сол сұрақты
Енді екінші жақта да
Əлі де ернің
Əрең айтып жатыр ма?!
Қаздың терең
Ой түкпірін қаншама,
Əр сөзіңе
Жүрек сала, жан сала, –
«Сен тұра тұр,
Сен керексің!» – дегенде,
Сен көнбесең –
Енді бізде қай шара?!
Балықшы едің
Сирек қапқан қармағы,
Қары талып,
Сүйелденген бармағы.
Сен дүниеден
Сұрап жарыта алмадың
Дүние саған беріп
Жарыта алмады.
Сонда-дағы
Алақаның жаймадың.
Жайғаныңмен
Болмайтұғын жай мəлім.
«Сұрауменен оздырғанша уақыт,
Өлең жазу – рахат!» – деп ойладың,
Кім ойлаған
Таусылар деп бұлай күн.
Кегі жоқ жан
Адамның да, құдайдың.
Шылымыңның
Оты сөніп болғанша, –
Өзің сөніп қалғаныңа жылаймын.
Тірінікі –
Жылап-жылап басылу –
Қатал тағдыр
Үкіміне бас ұру.
Тау басынан –
Тағы да үйге оралып,
Тіршіліктің көшесінде шашылу.
Балалармен
Жалғасады сендік той.
Ұмытпаспыз, –
Ұмытпаймыз – дедік қой.
Өлгендерді ұмытпау да –
Бұл күнде
Қолдан сирек келетұғын ерлік қой!
Біз айтармыз –
Сені ғажап ақын – деп,
Айтпап едік –
Енді айтуға батыл көп.
«Мəңгілікке барар жолдың үстінде
Жұмекен де
Кетіп бара жатыр!» – деп.