10.07.2022
  105


Автор: Ғафу Қайырбеков

ЖАҢА ЖЫЛ СӨЗІ

Кел, Жана жыл!
Сен ақынды жарылқа!
Ескі жылда
Кетті талай барымта,
Жаннан, малдан
Кетті талай құрбандық, –
Енді сенде
Барлық үміт, бар ынта.
Балаларым –
Бақытым мен Дəулетім,
Дүниедегі
Сəн-салтанат, сəулетім –
Қалғаныңа
Берсін тірлік, береке,
Менің жақын
Азын-аулақ əулетім!
Құдаларым,
Нағашылар, жиендер,
Жаңа жылда
Жаман шалды сүйеңдер! –
Өмір-тайғақ
Құлап қалып жүрмесін,
Ренжітпесін
Көре алмаған біреулер!
Сендер-дағы
Құрметпенен қараңдар
Аға-іні,
Балдыздар мен күйеулер!
Соңғы кезде
Болып кеттік жат бауыр,
Бір заманда
Көңілі ортақ жақсы ауыл
Ұмытпаңдар,
Үлкен ерлік бірлікте,
Бір көтерген,
Бола алмайды тас та ауыр.
Қол тимесе,
Телефон бар қолыңда,
Болады ғой
Аптада бір соғуға,
Сəлем сайын
Үлестірер атым жоқ,
Болса егер
Берер едім соны да.
Бəрі де бар,
Рақмет бұл күнге,
Жақсы кезде
Жаман болу мүмкін бе?
Бар-қызығы, –
Өзің тірі бар болсаң,
Сене берме
Дүние деген шіркінге!
Шүкір,
Шүкір, туысым аз демеймін,
Жалғыздық қой –
Ең сорлысы кедейдің.
Əр қайсыңды
Аман жүрген қасымда –
Мен мақтанып
Бір-бір елге теңеймін.
Бермесең де,
Келмесең де аман бол!
Мен сендерге
Тілемеймін жаман жол,
Бір саусағың
Қанап қалса – қиналам,
Сөзіме нан,
Қатты батар маған сол.
Жаңа жылды
Сол тілекпен шақырдым.
Əр бір істің
Қайырын тілеп ақырын,
Жақсылықпен,
Тату күнді кешіңдер,
Менің барлық
Жан ашырым, жақыным





Пікір жазу