meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  10.07.2022
  120


Автор: Ғафу Қайырбеков

АЗАМАТ ЖЕРГЕ

Нəр алдым «Жаңа үлгі» мен «Қабырғадан».
Жақсы ұлды жаратудан жаңылмаған,
Бəрің де өз үйімдей, босағамдай,
Бəрің де көрінесің бауыр маған.
Кез болдым жақсы күнде жаным – десіп,
Қызықтың дүниедегі бəрін кешіп,
Жақсы елдің қасиеті маған дарып,
Қалды ғой өркешім мен жалым өсіп.
Туған жер тұтас болып ердің ері,
Дəл бүгін тағы да өсті ел жігері,
Қырық жыл арманда өткен сабаздардың
Қозғайды бұл сағатта шері мені.
Ағылып келіп жатсын ойдан-қырдан,
Баяғы ұмыт болған ой жаңғырған,
Аруағы боздақтардың бір тірілді
Туған ел бақыты үшін болған құрбан.
Дүние бір ағыс қой тоқталмаған,
Қайыры болмағанда – боқтан жаман,
Қашанда елі-тірі ер бақытсыз,
Елінде еш уақытта жоқталмаған.
Жатырсың жоқтау айтып тоқтау айтып,
Жас ұрпақ түспес үшін отқа қайтып,
Аналар ардағына, қош айтпасқа,
Аталар жатпау үшін «аттан» айтып.
Айрылған ел сорлы ғой азаматтан,
Кезіңді мен білемін азан айтқан,
Бұл күнде бүтін ошақ, биік шаңырақ
Заманды қадірлей біл бағаң артқан.
Өлікті ардақтамай, тірі оңбайды, –
Тағдыр да аямайды, сірə, ондайды, –
Жаманның көз жасына жақсы сенбес –
Салғанмен ол да жылап, бір ойбайды.
Алтайдың күні биік, айы көркем, –
Өзі де атағына ылайық екен,
Мен егер тірі болсам бұл өмірде
Жақсыңды жарты əлемге жайып өтем.
Тауыспай сан боздақтың, санын айтып
Бұл сəтте уақыт тапқан бəрін қамтып,
Ағайын өкпелеме, ұлы күнде, –
Жоқ кəзір сенен басқа ойымда түк.
Ғажап-ай, əсіресе, бір жағдайдың,
Өлгенше оны есімнен шығармаймын. –
Қазақтың қасіретінің өлшеміндей
Қайтпаған төрт баласы Тұмарбайдың.
Бауырлар көп жылама, жасыңды тый,
Той жаса, қырық жылға барыңды жи,
Бүгінгі байлық, дəулет, бақыт үшін,
Мынау бір ескерткішке басыңды и.
Алғыс айт, азаматың, Бошайыңа,
Аман сау осы күн мен осы айыңа.
Қайтайын астанама ұлы күнде
Өзіңмен ақ тілекті қосайын да.
«Қызғыштай болған есіл ер,
Қайран да жұрттан не көрді»
(Махамбет)
Мəселе онда емес қой, көрер-көрмес,
Кісі ғой елге бауыр, елге жерлес,
Əлеумет азаматтың қадірін біл,
Дүниеге жақсылар көп келе бермес.
Жасаңдар жақсы күнде, амандықта,
Ездікке, үйір болмай жамандыққа.
Ағалар мен секілді ініңді ұмытпа,
Інілер, мен секілді ағаңды ұмытпа!





Пікір жазу