10.07.2022
  78


Автор: Ғафу Қайырбеков

ТОБЫЛ ТОЛҚЫНДАРЫНАН

* * *
Жадымда жастық жылдардың
Тізілген моншақ күндері,
Əреңдеп бүгін аңғардым,
Кетіп те қапсың ілгері.
Сағыныш салған сар сандық –
Алтынды шашақ Қостанай.
Тұрдың-ау талай қарсы алып,
Қақпасы ашық ақ сарай.
Қырық жыл бұрын дəл бұдан
Келгенде қырдың баласы,
Көрінген Тобыл алдымнан
Күмпілдеп күміс сабасы.
Телегей теңбіл теңіздей
Өткелі қиын, өзі асқақ,
Тұрып ем назар мен үзбей,
Көк иық қырдан көз тастап.
Қолымда ағаш чемодан,
Үстімде жалғыз бөз көйлек,
Болашақ күнге қарағам, –
Кездесер саған кез ғой – деп.
Қорқыттың мені, Қостанай,
Айбарыңменен ап-ауыр.
Естігем сонда сөз талай –
Қала деген жат бауыр
Қыбыр да жыбыр көшеңді
Кезумен табан ойылды.
Кештеу де болса, кеш енді
Сондағы теріс ойымды.
Салтанат сəнді сан сарай
Көрдім мен шəһар не түрлі,
Сонда да саған, Қостанай,
Жетпейтін бəрі секілді.
Баяғы ағаш чемодан
Бар болса, берші сен қайтып,
Қолымен салған жан анам
Жиһазым бар ед қимайтын.
Ол – менің бала шағым ғой,
Еш қымбатқа бергісіз.
Ол – менің болашағым ғой
Құндақта жатқан белгісіз.
* * *
Жадымда жастық жылдардың
Тізілген моншақ күндері,
Əрең де əрең аңғардым,
Кетіп те қапсың ілгері.
Тағы да есте, тағы да
Базарың сенің Қостанай,
Құмар ем күнде баруға
Ақшасыз, пұлсыз бос талай.
Дүниенің барлық адамы
Осында болар деуші ем мен,
Аңқау да сəби заманым,
Өзіме біткен өлшеммен.
Ақсақ та соқыр бір солдат
Баяулап созып сырнайын,
Баяндар еді кіл сарнап
Кешегі жорық жыл жайын.
Қалпағы көкке қараған
Дəлелі көмек, дəменің,
Қасынан өткен бар адам,
Тыңдап ап соның өлеңін,
Тастайтын тиын-тебенін.
Аяқсыз, көзсіз əлгі адам –
Базардан тапқан мекенін,
Түсімде де айтып тұрды əмəн
Соғыстың сұмдық екенін.
Тастадым тиын күн сайын
Көзімде жасым іркіліп,
Жығылып еңсем, қисайып,
Жан-жүйем қатты сілкініп.
Бір жақта көзді бояушы
Үш карта қойып, бəс тіккен.
«Мынаусы қайсы, анаусы» –
Басып кеп қалсаң – іс біткен.
Іс біткен емей, немене,
Бітірген қуың мəз мүлде,
Аздаған тиын тебене,
Сонымен кетті аз күнде.
Бір адал менен бір арам –
Қайтейін айтып басқасын.
Екеуіне де шыдаған
Анамның жиған ақшасы.
Алматы жатыр алдымда,
Оқуым жатыр баратын.
Базарда қызық, ал мұнда
Ақшалар судай ағатын.
О, ғажап, əлі күнге мен,
Қостанай келсем, азанда
Тұрып ап жалғыз, ертемен
Барамын сонау базарға.
* * *
Жадымда жастық жылдардың
Тізілген моншақ күндері.
Келе де келе аңғардым,
Кетіп те қапсың ілгері.
Студент шағым. Бəрі тұр
Көлбеңдеп көздің алдында.
Сағынтып жеткен каникул,
Алыс-ақ еді аулымда.
Алыс та емей, немене,
Торғайым бес жүз шақырым,
Сағыныш атты кемеге
Қай кезде жүзбей – бар тыным.
Онымен қайда барасың,
Жататын таныс, жоқ пана,
Облпотребсоюз қорасын
Күзетуші едік көп бала.
Торғайға содан жүк артып
Жүретін сирек машина.
Жалынып, тілек мың айтып
Жүз сомнан бала басына.
Келісіп əрең, кетуге,
Онда да болса сəтің бар, –
– Тобылдың арғы бетінде,
Тығылып сайда жатыңдар, –
Деуші еді бізге шоферлар.
Кейбірі сөзде тұратын,
Кейбірі мұндар алдауық.
Тұсыңнан өтіп зулатып,
Қалушы ек біздер шаң қауып.
Алдында көздің бəрі тұр,
Арманға оңай жетпек кім,
Қайран да қайран каникул
Қақ жартысы жолда кететін.
Қараушы ең соған, Қостанай,
Мың əйнегіңменен жарқырап.
Шайқаушы ең соған бас талай,
Көзіңде самсап сан сұрақ.
Таптың ба жауап соныңа –
Жеңіп те, кейде қансырап.
Өмірдің алыс жолында
Келеміз солай шашырап...
* * *
Жадымда жастық жылдардың
Тізілген моншақ күндері.
Жүгенімді ұстап мен қалдым.
Сен шауып кеттің ілгері.
Алдында көздің бəрі тұр,
Бəрі де аян, бəрі анық.
Ең соңғы мынау каникул
Келеміз елден оралып.
Алматы-вагон біреу-ақ –
Жүрмедім-ау деп саспайтын.
Көрінген поезд тіркеп-ап.
Көрінген жерге тастайтын.
Мінуің соған қырғын жол,
Келмесе сəттің сайтаны,
«Аман бол, сəулем, аман бол!»
Ілікпегендердің айтары.
Торғайдың тоғыз қасқыры, –
Тұрады дейсің кімді аяп,
Бəрінің менмін бастығы,
Беделім қызыл судай-ақ.
Мініп ап елдің алдымен,
Белімді таяп шіреніп,
Тұр едім масаттанумен,
Қалыңға көзім жіберіп.
– Əй, жігіт! – деді бір қыз кеп,
– Ал, мына чемоданды тез.
Онсыз да біздің жүгіміз көп,
Ие бол соған, қатпа сөз!
«Не деген қайсар бəле еді!» –
Дедім де іштей – қол создым.
Қыз екен бірақ əдемі,
Сұлуы еді сол кездің.
О, ғажап, отыз үш жылдай
Өмірдің жолын өткеріп,
Келемін əлі мен тынбай,
Сол чемоданды көтеріп.
* * *
Солай да солай, Тобылым,
Солай да солай, Қостанай,
Жолында сайран өмірдің
Созылды біздің көш талай.
Қаласаң кəзір еңселі,
Астықты байтақ мол далаң,
Келгенде сайын мен сені
Жап-жаңа көргендей болам.
Сонау бір алғаш қиялда
Кетпестей болып орнаған,
Ғажайып бейнең тұр алда, –
Ыстықсың ылғи сен маған.
Өйткені ыстық жастық шақ,
Жалынды жырмен, өлеңмен
Сол күндерімді құшақтап
Бір қайту үшін келем мен.
* * *
Тағы да келдім. Жаздағы
Қысқа таң, шолақ күніңмен,
Бұл жолы отым маздады,
Тобылдың жомарттығымен.
Осынау жалпақ, көк өзен
Толтырған дала астауын,
Көрсетті маған бір кезең
Өзінің көзін, бастауын.
Ең шетінде даламның
Россиямен жалғасқан,
Жатыр бұлақ бір момын,
Шымырлап, демін алмастан.
Қоршаған бір шоқ тобылғы,
Қос орнындай жер-ақ ол.
Дария болып толқынды,
Кешемін деп жырақ жол.
Ойламаған бұл бұлақ,
Туламай да, тебінбей,
Жатыр қайнап шымырлап,
Таусылмайтын өмірдей.
Содан тарап Шығысқа
Қос бұрымдай сұлаған.
Ұқсап егіз туысқа,
Қос арна бар тулаған,
Егіз қыздай далаға
Серуенге аттанған.
Сол кеткеннен ұяға
Содан қайтып соқпаған.
* * *
Сол Тобылдың басталған
Жерінен отыз шақырым,
Секілді қос тостаған
Қымыз құйған сапырып.
Бар екен бір Қоржын көл
Төсіне қонған алтын бұлт.
«Мен бармаймын, өзің кел»,
Дегендей жатқан шақырып.
Жетіқара жерінде
Көрік сəнін келтіріп,
Жаралған тек көруге
Көзіңді алмай сен тұрып.
Əсия гүлі жайнаған,
Жасыл қалпақ, тұңғиық,
Бетінде сəуле ойнаған
Қараған көзге нұр құйып.
Жағасын талмен көмкерген
Жапырағы желмен тербеліп,
Сұлудай көзін төңкерген
Ел қалаған ер көріп.
– Мұндай да көркем көлдерді
Туғызған кім? – деп сұрадым.
– Жаңағы Тобыл. Сол берді
Даланың екі шырағын.
Даланың екі көзі ғой
Кірпігін қақпай қараған.
Тұл бойы сабыр, төзім ғой –
Секілді ойшыл, дана адам.
Дейді аудан басшысы, –
Бұл да бір ақын ұл екен.
– Жақсының қалар жақсы ісі, –
Саған да ортақ бұл мекен.
Ұсыныс боп тұр менде бір, –
Ат, шапан шіркін қайда жоқ,
Ел едік біз де кең көңіл
Дүниеден мəңгі пайда жоқ.
Осынау көлдің əсемін
Атайық сенің атыңмен
Аяулы арман, ақ сенім
Ілесіп жүрсін ақынмен.
Қайдасың əлгі сельсовет,
Дайында қағаз, мөріңді! –
Жақсылыққа жол себеп –
Ғафудың аты берілді.
Мынау бір көлге – деді ол,
Саңқылдап сөйлеп жан-жаққа
Жаңғырды сонда соққан қол,
Естіліп алыс аулаққа.
Аузыма жүрек тығылды,
Кірпігім аздап суланып,
Өлең боп туған бір ұлды
Өсірді-ау мұнша бұл халық!
Мынау көл менің баламдай,
Сүйкімді болды сол сəттен.
Қарай да қарай қана алмай,
Тебіреніп терең жол шеккем.
Рақмет саған, Қостанай,
Рақмет, дария, Тобылым,
Ықласыңды тастамай,
Рахатыңа шомылдым!
Талай жыл сенің атыңды
Талмай да жырлап келіп ем,
Жарылқап салдың ақынды
Жақсылық атты көліңмен,
Ол көл емес – шынында.
Алғысы туған мекеннің,
Байқасам – соң да, бұрын да
Бақытты ақын екенмін.
Қызғанба, достар, өтінем,
Қызығып қана қойғайсың,
Қысқа өмірдің көркі мен
Қызығына тоймайсың...
* * *
Екі жыл өтті арада,
Алаңдап көңілім, уайымдап, –
Сол көлім менің аман ба? –
Деймін де бір айында
Телефон соғам илансаң,
Баяғы таныс бастыққа,
Уақыт-ай, жүрдек тым шапшаң
Үлгіртпес сəлем дос жұртқа.
Жасай бер көлім, көңілімдей
Қалдырып кеткен мəңгілік,
Созылған менің өмірімдей
Жасарып, қайта жаңғырып.





Пікір жазу