10.07.2022
  97


Автор: Ғафу Қайырбеков

Жадымда жастық жылдардың

Жадымда жастық жылдардың
Тізілген моншақ күндері,
Əреңдеп бүгін аңғардым,
Кетіп те қапсың ілгері.
Сағыныш салған сар сандық –
Алтынды шашақ Қостанай.
Тұрдың-ау талай қарсы алып,
Қақпасы ашық ақ сарай.
Қырық жыл бұрын дəл бұдан
Келгенде қырдың баласы,
Көрінген Тобыл алдымнан
Күмпілдеп күміс сабасы.
Телегей теңбіл теңіздей
Өткелі қиын, өзі асқақ,
Тұрып ем назар мен үзбей,
Көк иық қырдан көз тастап.
Қолымда ағаш чемодан,
Үстімде жалғыз бөз көйлек,
Болашақ күнге қарағам, –
Кездесер саған кез ғой – деп.
Қорқыттың мені, Қостанай,
Айбарыңменен ап-ауыр.
Естігем сонда сөз талай –
Қала деген жат бауыр
Қыбыр да жыбыр көшеңді
Кезумен табан ойылды.
Кештеу де болса, кеш енді
Сондағы теріс ойымды.
Салтанат сəнді сан сарай
Көрдім мен шəһар не түрлі,
Сонда да саған, Қостанай,
Жетпейтін бəрі секілді.
Баяғы ағаш чемодан
Бар болса, берші сен қайтып,
Қолымен салған жан анам
Жиһазым бар ед қимайтын.
Ол – менің бала шағым ғой,
Еш қымбатқа бергісіз.
Ол – менің болашағым ғой
Құндақта жатқан белгісіз.





Пікір жазу