10.07.2022
  80


Автор: Ғафу Қайырбеков

МƏШҺҮР ЖҮСІП ҮЙІНДЕ

Бұл дағы ел сыйлаған еді бабаң,
Болған ол сырын – ұқпақ екі ғалам,
Басында дүние айналған адам еді, –
Демеген өзгелердей елім надан,
Халқының дана туар қалпын ұққан, –
Солардың жолын тосып көңілі алаң,
Бастары қосылмаған данышпандар, –
Бəрін де тудырса да ортақ заман.
– Жол түсіп келіп қалдың шаңыраққа,
Əулие, басыңды иіп аруаққа,
Өз үйің, именбестен босаға атта,
Азырақ шапаныңның шаңын қақ та, –
Деп еді «қарағым» деп қолымды алып,
Шүйкедей қара кемпір қалбалақтап,
Баянды біздерменен бірге аралап,
Күн-дағы ұясына барған шақта.
Үй екен қарағайдан қиып салған,
Өртінен көне күннің күйік шалған,
Есігі керіле-керіле кеңіп кеткен
Баяғы биік еңсе, иықтардан,
«Ассаумағалайкүм» – жиі айтылып
Жаңғырып, терге барып ұйып қалған,
Ойымен жерді шолған сабазының
Сапары осы арада тұйықталған.
Қазақы дастарқаны кең ед неткен,
Төселіп төрден бастап, төмен кеткен,
Шай құйған босағада келіншекке
Дауысың сөйлегенде əрең жеткен.
Толтырып бір бауырсақ бір алақан,
Алыста сар самаурын елеңдеткен,
Қуандық – Мəшһүр Жүсіп немересі
Аспанға атасындай сөз өрлеткен.
Қасында көп жүрсем де жайсаңдардың,
Осынау отырысқа аң-таң қалдым.
Естілген тұнық көлдің шолпылындай
Күлкісі рахатқа батқандардың, –
«Мəш атам аруағы кең кісі еді
Алаңсыз тіршіліктің татқан дəмін
Бəрі де кешіледі», – дейді шешең.
Бұйдасын шешіп өскен атан-нардың.
Өңгеріп қос қолыңмен қой жамбасын,
Арылмай асқақ көңіл, ойдан басың
Өң түгіл, түсіңде де бауырсақ жеп,
Азанда тойған күні оянасың.
Содан соң майы жүзген қымыз ішіп,
Жадырап, жан шақырып, бой аласың.
«Басына Мəшекеңнің барамыз» – деп,
Əжеңнің аяқтайсың тағам-асын.





Пікір жазу