10.07.2022
  105


Автор: Ғафу Қайырбеков

ЖАЯУ МҰСА

Баян тау қасиетті жер еркесі –
Күндіз-түн сыңғырлаған əн өлкесі,
Айқасқан аспанында бүркіттердің
Түсетін Жасыбайға көлеңкесі.
Бірі еді Жаяу Мұса сол бүркіттің,
Үстіне шығып алып сұрғылт бұлттың
Саңқылдап Сары Арқаны оятушы ед.
Қапыда оғы тиіп бір мылтықтың,
Қанаты қайырылып жерге түсті,
Жан бар ма қанаты жоқ көрген құсты,
Сондықтан жер бетінің құдайлары
Қанды көз мына құстан зəресі ұшты.
Адамға айналды да екі аяқты,
Аспан жоқ, жер үстімен жаяу ақты.
Адамға есім керек, таңдап алды ол
Баянда Мұса деген ең мықты атты.
Содан соң дүниені дүрілдетті,
Дауысы қара көкті тіліп өтті.
Баяғы азаттықтың еркін құсы
Бұғауды қанша салса бұзып кетті.
Бұзды да, жырлады ол еркіндікті,
Жауыздық, зұлымдықтың бетін жыртты,
«Япыр-ай, мынауың бір құдірет қой» – деп
Тыңдады түріп тастап ел түндікті.
Қияды жалғыз жанға кім жақсы атты,
Зорлықтың қара күші қанжар сапты.
«Сыймайды бір Баянға екі Мұса» –
Деді де, атын алып зар қақсатты.
Тынбаған астындағы атын алып,
Тағы да өз атына жамау тағып,
Дегенде: «Жаяу Мұса» – қоя берген.
Күрсінген қиянатқа ел таңғалып.
Сонда да өткір жүрек, қайсар ақын,
Түрі жоқ алған беттен тайсалатын,
Шығарып ащы кегін ащы айқаймен,
Баянды теңселдіріп əн салатын!
Əн салса, қайта қыран қанаттанып,
Баяғы биігіне күн де аттанып,
О, сабаз тусаң ту – деп, бір мақтанып,
Масайрап тұрады екен тыңдап халық.
Ешбір күш қия алмады əн қанатын,
Тағдыр да қайтып берді алған атын,
Күштінің жер бетінен бəрі кетті;
Баянда, қазығында қалған ақын.
Өшпеген жүз елу жыл тудай жанып,
Есімі ел көңіліне нұрдай жарық,
Рухы Жаяу Мұса шырқап биік
Жүр бүгін Баян тауды шыр айналып.





Пікір жазу