10.07.2022
84
Мұқаш-ау, сен қайдасың мен келгенде...
Мұқаш-ау, сен қайдасың мен келгенде,
Сағыныш сарбесігі тербелгенде,
Дауысым кеп қарлықты айқай салып,
Жалынып сəлем айтып желден желге.
«Бір болса – Шалкөдеде болар» – деп ем,
Көзіме көрінбедің бұл жерден де.
«Уа, Ғафа! Біз азбыз ғой!» – деушең, баурым,
Бұл тағдыр сол сөзіңді жөн көрген бе?
Қолыңнан сусын берші, айналайын,
Сол ағаң еліңе кеп шөлдегенде!
Деп едім сенің ашық кеудең екен
Көк жазық көз алдымда көлбегенде,
Деуші едің: «Тау мен дала аман болсын!» –
Кейбіреу бізге пəтер бермегенде.
Дəл кəзір соның бəрі еске түсіп,
Кім нансын оңашада еңірегенге!