САҒАТ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА
1
Қайтсін аспан жыламай, күн күрсінбей,
Бұзылу мен бұзудың үлгісіндей,
Қопарылып жатты жер оқ, бомбыдан
Адамдардың ісіне түк түсінбей.
Əр нəсілді айғырлар шабысқандай,
Тұмсықтарын аспанға шанышқандай,
Жорғалаған «жолбарыс», «Т-34» –
Кезі келсе бір-бірін жанышқандай.
Сойқан соғыс басталды сол арадан,
Ажал-таудан тастардай домалаған, –
Бір-біріне жойқындар жосылды-ай кеп,
Бұйрық күтіп тепсінген бағанадан.
Шаңқ-шаңқ, гүрс те гүрс, қарш-қарш,
Лап-лап жалын, көк түтін, қызды арпалыс
Мың тамырлы байтерек шыбықтай боп,
Жығылады яки бір сынған қамыс.
Шопақ құрлы көрінбей қазған орлар,
Бөгесіндер, былқыған батпақ-сорлар,
Үйген тастар, қашаңғы жер сіңірі
Секілденіп оларға асфальт жолдар.
Жүйткиді-ай кеп болаттан құйған мұндар,
Есеп емес алдында күн бар, түн бар,
Сұп-сұр темір қып-қызыл түске оранып
Мартенінде соғыстың балқиды олар.
«Т-34» түскен соң қолға күшті,
Мертіктірді бір жерде «жолбарысты» –
Қайта-қайта оралып, таптағанда,
Түптен түгін қалдырмай, көп жанышты
Басылды айқас, дүниені мең-зең етіп,
Жаңғырығы сан асу, белге кетіп,
Өлі танктер жусаған жылқылардай
Шебі аузында, тұмсығы жерге жетіп.
Қалғандары жорықты созып əрі,
Шіл қиындай жоғалды тозып бəрі...
Адамдардың жайдағы ойын қайтсын,
Өзіне сай соғыстың өз ұққаны.
2
Жаяу солдат бір қазақ – қыр баласы,
Қырғыннан соң айқайы тұнған ащы,
Қаусап қалған қақырап танктердің
Өзгелердей аралап жүрді арасын.
Қазақ – солдат қарады аң-таң қалып
Үгітілген бордай боп алып танк,
Есінде жоқ «жолбарыс» болғандығы,
Тек бүйірде жазуы қалыпты анық.
О, ғажайып! Осыншама күл-талқаннан,
Əншейін де шыдамас бір тартқаннан,
Жүрісінен танбастан қол сағаты
Ортасында қираудың аман қалған!
Жау мен қасты білмейтін қайран мүлік,
Сау білекке тағылып сайран құрып.
Сусып түсіп қалған ол өлі қолдан,
Қайдан ұқсын болғанын майдан-бүлік!
Бұл не ғажап! Көк болат қирап бəрі,
Сайда қалды сан танк сирақтары,
Мынау сағат уақытты көрсетіп тұр,
Кəдімгідей цифры, сайрап саны!
– «Кереметі тірліктің неткен күшті! –
Сағат тілі не ғажап айтады істі.
Тоқтамайтын өмір бұл!» – деді дағы –
Қазақ жорық жолына қайта түсті...