10.07.2022
  118


Автор: Ғафу Қайырбеков

ҚИМАСТЫҚ

1
Талайлар құт тілесіп, бақ тілесіп,
Қуаныш жүздерінен шаттық есіп,
Дүниеде жиған-терген мүлкін тиеп,
Жаңа үйге жамырасып жатты көшіп.
Бір кемпір көшу жағын көп ойланды.
Өткен күн көз алдында шыр айналды.
Осы үйде отыз бес жыл отырыпты,
Туғызып өсіріпті талай жанды.
Тал шарбақ, тауық қора сияқтанған
Үйі еді ол, пештерінен күл ақтарған.
Мінгескен бір-біріне бөлмелері,
Жылдардың бейнесіндей жырақ қалған.
Осында отағасы дүние салып,
Үнемсіз үш баламен жесір қалып,
Бейнетке белшесінен батып еді,
Күндіз-түн қызмет істеп, есін танып.
Өсіріп ауласына алма ағашын,
Өрік пе, долана ма – тал баласын
Қаптатып, алақанның аясындай
Сол жерге маңдай тері тамған асыл.
Жаз болса, сол ағаштар саясында,
Көнетоз алашасын аясын ба,
Астына төсеп ылғи немеренің, –
Рахаттың болушы еді бəрі осында.
Бос емес бір қарыс жер өсімдіктен
Суарып, өзі баптап, өзі күткен.
Таң атса сайраушы еді онда құстар
Жапыраққа мініп алып жаз үмітпен,
Кішкентай бақта самал есетұғын,
Жұмағың осы арада –десетұғын.
Жұмыстан шаршап келіп, салқын суды
Балтырын жалаңаштап кешетұғын.
Айқай-қай! Арық қандай сылдыр қаққан,
Жіңішке толқындарын сыңғырлатқан,
Төбеден ауып келіп сол аулаға
Сығалап қараушы еді күн бір жақтан.
Осы үйде түнді ұзатқан, таңды атырған,
Табақтап ағайынға дəм татырған.
Осы үйде ұзатылған үш қызынан
Сан бөбек сүйіп еді бал татыған.
2
Осы үйде отыз бес жыл өтті аяулы,
Күндер-ай, көп қуаныш, көп қаяулы,
Қаланың көзден таса бұрышы еді,
Секілді қалып қойған қазақ аулы.
Кім білген бұл ара да керектігін,
Қаланың құрылысы да ерек бүгін,
Əлі де қызмет еткен мекеменің
Азғырып көріп еді директорын
«Көшпесем қайтеді – деп – мекенімнен».
Іргесі жаңа үйдің көтерілген,
Мінбелеп үстен қарап тұрып алды,
Күмəнің болмасын – деп кетеріңнен.
Осылай талай күндер ой қамалап,
Қия алмай, көзден жасы көп домалап,
Арқалап аз дүниесін, көшті ақыры
Жұртына өскен-өнген қарап-қарап.
Жастар не? Қуаныштың есебі жоқ.
Оларда бүгін бар да кешегі жоқ.
Баланың осы күнгі бəрі сондай,
Ойламас онша алаңдап, шешені көп.
Күлкі етті қайта мінез оғаштарын,
Орынсыз төгеді – деп көз жастарын.
Кетерде ол көршілерге көп тапсырды
Кішкентай бағы менен ағаштарын.
Ешкімнен сұрағам жоқ үй берсін – деп,
Биікке шығып аяқ, үйренсін – деп,
Үйімді бұзса – бұзсын, амалым не,
Бірақ та ағашыма тимесін – деп,
Тапсырды қайта-қайта таныстарға,
Таныстың еркі бар ма ант ұстарға.
Əйтеуір көңілдің бір медеуі ғой –
Айтқан жəй ақырғы рет айрылысарда.
3
Өмірде байқағанға бұл да мысал,
Сабағын тіршіліктің миға бір сал.
Жасаған жақсылығың зая кетпес –
Адам мен табиғат та тіл табысар.
Айналар мəңгі ұмытпас қимасыңа.
Туғанда қиын-қыстау күн басыңа,
Солардың өлі тірі рухтары
Кім кепіл бір жақсылық қылмасына?





Пікір жазу