10.07.2022
  114


Автор: Ғафу Қайырбеков

ТАҒДЫР БҰЙРЫҒЫ

1
Айрылып əкесінен он үш жаста
Ағайын ант еткендей болыспасқа,
Ат-тоңын ала қашқан заман еді,
Аударып анасымен қоныс басқа.
Көшті ол алыстағы нағашыға,
(Екі ұдай – өмір, өлім таласында)
Қазақтың қашандағы бір əдеті –
Тығылар нағашының панасына
2
Сорына соғыс келді содан кейін,
Белгілі не болғаны оған дейін.
Қатпаған қабырғасы қара жетім,
Не бейнет күтіп тұрса – соған бейім,
Соқа айдап, сиыр бағып, қой қоралап,
Зырылдап елден елге кетті аралап,
Бойында талай өнер солған босқа,
Бастаған жаңа туа шет жағалап.
3
Күн көрген бірді бірге шатастырып,
Сындырған жастық шағы жартасты ұрып,
Бұл пенде не істемейді тірлік үшін,
Көрсетіп көп адамға жақпас қылық.
Жазығы жанталасқан өлмеймін – деп,
Дүниеден жанып болмай, сөнбеймін – деп,
Ажалдың ауылына барып жүрді
Кей-кейде шамадан тыс сермеймін – деп.
4
Сол кезде соғыс бітіп, ел жайланды,
Көзіне көп адамның шел байланды,
Көрсетіп пəленшенің күшігі – деп,
Қара бұлт жас басына енді айналды.
Өзі де тентектікті көп істеген,
Ешкіммен төбелесті бөліспеген,
Қаңбақтай аударылып кете барды
Жердегі шым-шытырық жол үстімен.
5
«Жүр екен анау жақта, мынау жақта»,
Десін жұрт, біреу даттап, біреу мақтап,
Тағдырдың көк тайғанақ көп жолында,
Бір тұрып, бір жығылып, бір аунап қап,
Тартты ол алдағы үлкен сапарына,
Жүрегін аман-есен апаруға,
Аз жылда жылдам-жылдам оқу оқып,
Кірді тез азаматтың қатарына.
6
Ер жігіт күн кешеді өткірлікпен,
Жақты ол шаңырақтың отын күткен.
Қыз еді тұла бойы толған білім –
Мəскеуде инженерлік оқу біткен.
Белгісіз оның сүйген сүймегені,
Ғашықтық қызды бірақ билеп еді,
Мінезден аласұрған танылды ма, –
Жігіттің жанбай қоймас бір өнері.
7
Ғажап қой қыз түйсіктің сергектігі –
Бейнетін біле-тұра көрмек түбі, –
Əдеті тəуекелге бас иетін,
Еркектің танып қалып еркектігін.
Таңдауы сəтсіз болса əуел баста-ақ, –
Кейінде кесірлі бір өнер бастап,
Өзі еркек болатұғын əйелдер бар,
Екеуі орындарын айырбастап.
8
Жоқ мынау не десе де анау батыр
Боп жатты бəрі дұрыс, бəрі мақұл.
Бірақ та мəдениет, білім деген
Жігітте əлі біраз кемдеу жатыр.
Білді ол іске аспасын құр кеуденің,
Ақындық, жазушылық ұлы өнердің
Азығы – ақыл, ой мен білім еді.
Мынау күн – сол талапты тілеген күн.
9
Байланар перзент көрсе əйел басы,
Болса да күйеуді ұстау – бар айласы.
Мəскеуде ірі оқуға жөнелтті оны;
Тұруға уəде беріп қарайласып.
Шыдады қарсы алуға тұрмыс оғын,
Шынында күн еді əлі – қиын со күн.
Жас маман жаңа келген, пəтері жоқ,
Айтудай ерлік еді мұнысы оның.
10
Қысқасы бес жыл өтті, оралды аман,
Жазылып сан пьеса, сан роман,
Үп-үлкен жазушы боп шыға келді,
Талантын анадайдан таныр адам.
Бұл емес əңгіменің түбі бірақ, –
Тарихы басталғанмен бұрынырақ –
Соңы да бітер шапшаң тұтқиылдан
Амалсыз хикаямен қиынырақ.
11
Анасы əйелінің білімді еді,
Жарықты өзгелерден бұрын көрді.
Атақты революция қарсаңында
Бітірген гимназия күн ілгері.
Талайдың ұстазы еді тəрбие еккен.
Кезінде керемет боп бəрі кеткен.
Əйгілі ағартушы еді əкесі
Жұлдыздай қара көкті жарып өткен.
12
Жосылтып орысшаны сөйлегенде,
Жорғадай кең жазықта дөңгеленген.
Жоқ шығар аузын ашып тыңдамаған
Көзінен жарықтықты көрген елден.
«Бұл менің тағдыр берген еншім» – дейтін,
Өзгеге қайдан оңай келсін – дейтін,
Оқуы аз, мəдениеті одан да азды
Əдеті білімдінің менсінбейтін.
13
Сексеннің бесеуінде кетті көшіп,
Екі қыз, екі құрсақ, екі бесік,
Ол кезде ұзатылған, үйлі болған –
Біреуін жазушыға етті несіп.
Алайда күйеу балаға көңілі толмай,
Жарастық бірде болса, бірде болмай,
Айтысып күндері өтті өмір бойы,
Сөздері кей уақытта миға қонбай.
14
Тағдырдың көз жетпейді бұрмасына,
Тұрмыста қиын болған сыйласуға,
Көп жылдар өткеннен соң қатар жатыр
Сонау бір қайтып келмес қыр басында.
Екеуі – ене, бала қабырғалас,
Болам деп ойлаған ба қабыр жанас,
Солайша созылумен бітті барып,
Тірлікте таусылмаған қайран талас.
15
Тағдырдың қос дүниеде бұйрығы бір, –
Таппаған жарастықты сыйлы ғұмыр,
Жарасып қара жердің бауырында
Рухтары қолтықтасып қыдырып жүр.
Не нəрсе – жақсы көру, жек көрумен –
Мүлік емес қанжығаға бөктерілген,
Жек көру арқылы да жақсы көру –
Қалған бір мұра ма екен өткен күннен?
16
Білмедім сондай жағдай шет көрінген
Кетпейді көп уақыт көкейімнен.
Тірліктің ғажабына қалдым қайран –
Не тосын хикаяны шерте білген,
Жанымды сол хикая тербетеді,
Бір болған ақтығында жер мекені, –
Əйтсе де, күн шуағын бірге бөліп,
Өмірде сыйласқанға не жетеді?!





Пікір жазу