«БАРСА КЕЛМЕС» ТУРАЛЫ АҢЫЗ
Профессор Сағынтай Тайбағаровқа
1
– «Қазақта бір арал бар «Барса келмес».
Ертеде қалмайтұғын айтсаң елде ес.
Естуші ем бала күнде соның атын
Бəледей тіршілікте басқа бермес.
Өлімнің екінші аты секілденіп,
Көзіме елестейтін не түрленіп,
Қираған кемелер мен алуан қайық
Ыққандай белгісізге бетін беріп.
Шулаған бала-шаға жағалауда,
Түскендей қайтып келмес қамалауға,
Сақалын шалдар жұлып жылағандай,
Балығы ілікпесе салған ауға.
Қамшыдай сабы сынып қурап қалған,
Қабығы жыландардың шумақталған.
Əр жерден анда-санда шошаңдаған
Құйрығы кесірткенің құм ақтарған.
Серейген сексеуілдің бұтақтары
Секілді өлген адам саусақтары.
Əр заман келгендердің үйшіктері
Шөмиген жер жастанып қаусап бəрі.
Құп-қуаң өсімдігі күлге ұқсаған,
Азынап аңызақтың жыны ұстаған.
Аспаннан жалғыз тамшы қайыр болмай,
Зар болған бір алатын тынысқа адам.
Несі бар сондай жерге барып сонша,
Дүниеден бара салып ғайып болса? –
Деген бір сұрағыма жауап таппай,
Есімнен жүріп едім танып қанша...
2
Істейді уақыт шебер өз дегенін,
Ол жерге жан бара ма сезген өлім, –
Белгілі қанша қашса – жықпай қоймас
Тағдырдың тас мылтығы көздегенін.
Дүниеде бір жазықсыз жан болмайды,
Оныңды жасамасқа қан қоймайды, –
Ең ауыр күнə кешсе жазған басы –
Аралға айдайды екен дəл сондайды.
Əрине, еткен заман оны істеуші,
Күні жоқ бейбақтарға болыс – деуші.
Амал не байлап-матап апарған соң,
Жалғанмен еріді қайтып керіспеуші.
Теңіздің қанатсызға шет-шегі жоқ,
Алысқа құлаш ұрып кетпегі жоқ.
Сыпырып жон теріңнен жасасаң да,
Қайықтан не пайда бар ескегі жоқ.
Сондықтан келмейді екен барған адам,
Жан-жағын жал-жал толқын су қамаған
Шыңғырса, сау дүниеге даусы жетпей
Көзінің нұры қаңсып қан жылаған.
Əйтпесе, «Барса келмес» жер бола ма,
Таппайтын туған елді ер бола ма,
Қапаста қайтпас сапар кешкен жандар,
Жығылмай басын сүйеп кең далаға.
3
Бұл күнде мекендері құландардың,
Желаяқ жортуылға құмарлардың,
Кəдімгі өзге орындай қатынайды
Адамдар қызметімен бұған да əр күн,
Көк орай шалғыны бар, орманы бар,
Жағалай алдырмайтын қорғаны бар.
Табиғат қорғау атты қайрымды заң
Бұған да бұлжымастан қолданылар.
Демейсің үйрек-қазы қайдан ұшты,
Мол қопа, мекендеген бай қамысты.
Азырақ суы кермек болса болар
Аралдың кемуіне байланысты.
4
Осылай кеңес шертіп отырдым мен,
Талайдан маған таныс докторыммен.
Аралдың аралдағы жайын айтып
Аңызда сондай қырсық атқа ілінген.
Ол маған бір күрсініп қарады да:
– Осыдан көп жыл бұрын... баяғыда,
Шырылдап мен туыппын дүниеге,
Сіз айтқан «Барса келмес» аралында.
Мен келдім, келмей қалды əкем бірақ...
– Деді ол, ойға батты бір тұнжырап.
– О, тағдыр! – деген даусым шығып кетті,
Тағы да өткен күнге тіктім құлақ.
Ол күндер: «Рас, рас» деді маған,
Əлі есте көзі жайнап бір қараған,
Баяғы «Барса келмес» аралында
Дүниеге бақытты боп туған адам,
5
– Сонымен жетімдікті кештім бастан,
Ол күндер əр сағаты өзі дастан.
Жетектеп анам мені елге əкелді,
Жат жерде жалғыз сояу көз қылмастан.
Кезі екен əділеттің орнап жатқан,
Бақытсыз талай байғұс сорға батқан,
Тірліктен əлі дəм таусылмаған
Жамырап бəрі тегіс елге қайтқан.
Аңыз ғып көп айтатын анам маған
Сонау бір əкем жайлы оралмаған,
Ол сонда жаман дертке ұшырапты
Ешқандай оны жеңіп ем алмаған.
Ем – дейді-ау, ол жақта оны кім емдесін,
Деп қойған тағдыр өзі – сүмеңдесін,
Жеріне анық өлім айдаған соң,
Кімді кім сұрау салып түгендесін?
Қаптатып құзғанасын, бəлесін де
Демеген өлмейсің бе, өлесің бе? –
Балалар: «Барса келмес» атап кеткен
Атым да жас кезімде əлі есімде.
Дегендей: «өлмегенге – өлі балық»,
Тағдырдың не жазғанын көріп алып,
Теңізде жел айдаған қос жаңқадай
Тұрмыстың жағасына шығып қалып,
Дүниеге тұрсақ керек таңырқанып,
Бір дорба арқамызға балық таңып,
Аралдың станциясын аралаппыз,
Пойызға мінгізіпті алып барып,
Қараған құдайына бір қазақ шал,
Түн екен, айы туған қорғалап сəл,
«Қал, қал» – деп теңіз арттан айқайлапты.
«Жүр, жүр», – деп зырылдапты доңғалақтар.
Айналып Орынборды, Тройцкіні,
Жетіппіз туған елге бір болыс күні,
Тобылдың жағасына табан тиіп,
Арқаға тағы батты күн көріс жүгі.
«Тірлігін тірі істер» – дегендейін,
«Ер жеттік», енді жолдан бөгелмейін» –
Дедім де, оқу оқып, кеттім заулап,
Далада еркін жортқан бөкендейін» –
Деп маған, профессор сөз тауысты,
Өзі де адам екен қаз дауысты,
Сөйлесе қоңыраулатып, тебірентіп
Үні бар кететұғын қозғап ішті.
6
Шығайын əңгіменің аяғынан.
Қашанда дерті бар жан қаяулы адам.
Болжамсыз əр сағатың бұл тірлікте
Демейсің бейнет келер қай жағымнан.
«Таптым, – деп – бір пəлені тамағымнан,
Бір күні жаман дəрігер салады ылаң,
Жалаңдап, қазір сойып тастаймыз, – деп,
Кəрі иттей ажал тартып балағымнан,
Сасқан бір күндер еді, не айтары бар,
Хауіптің төніп келіп қайтары бар,
Жан бермек оңай емес, көнбедім мен –
Жəне де мінезімнің қайсары бар.
Арқаны тіршіліктің бір-ақ кесілді –
Дейтұғын адам сорлы шолақ шешімді.
Талай бір айтыстан соң, «білгіштерім»:
– Күтіңіз, – деді – əйтпесе профессорды...
– Ол қайда? – деппін шығып даусым қатты,
Жан деген қайран шіркін қандай тəтті? –
– Келеді он күннен соң, – деді «əлгілер»,
Таңырқап, тағы жүдеп таңдай қақтым.
«Ойпырмай, қалай айтады оңай бəрін, –
Өзінің жандарына қолайларын,
Төзбейтін он минутке ақын байғұс,
Он күнде өліп шығам», – деп ойладым.
Қайтесің, төздім, бақтым, күттім, тостым.
Бар екен шіркін өмір, шіркін, дос-күн.
Кешегі жер бетіне өзім əкеп
Бар екен жығылмасы тіккен қостың.
Профессор əрі қарап, бері қарап,
Ойқастап артқа шығып, алдымды орап,
Үндемей жүрген сайын, зəрем ұшты,
Сол жақта жүрек ұрып «мен мұндалап».
– Бауырым, – дедім сонда шыдай алмай, –
Жан шықпас өзі келіп, құдай алмай, –
Айтсаңшы не болса да! Ақын жанды
Хақың бар қашанғы рет сынағандай?
Жымиды ол – дегендейін бекер оның,
Қуандым – біліп бəле жеткен жоғын,
Күлгенде, екі көзі тарс жұмылып,
Кететін əдеті бар екен оның.
Қарашы адам-пенде құбылуын,
Жап-жаңа сарыққандай ғұмыр уын
Боп тұрған өзім енді, байқап қаппын
Біреудің аман көзі жұмылуын.
– Түк те жоқ Сізде! – деді көзін ашып,
– Қалайша?! – деппін дереу өзім сасып,
Содан соң кере қарыс маңдайынан
Бір сүйдім, тұрған бетте құшақтасып.
– Кісі едің қандай жақсы, қарағым-ай,
Қуаныш алып берген маған мұндай,
Мінекей, кетіп қалып қайта келдім,
Мекенге «Барса келмес» аралындай!
Селк етті ол «Барса келмес» деген жерде,
Қысылдым өз-өзімнен, денем демде
Ысыды ыңғайсыздық сезінгендей,
Дүрсілдеп қайта жүрек жөнелгенде.
– Аралын «Барса келмес» білесіз бе? –
Деді ол жайлап қана, елеусізде. –
– Білмеймін, əлі күнге сеніп келем
Ел айтқан аңыз етіп елесіне.
Жүзімді абдыраған өзі аяды.
Үзілді осы арада сөз аяғы.
Оқушым, есіңде ме, бастап кеткен
Хикая Арал жайлы біз баяғы?!
Шақырды ол студенттер кешіне бір...
(Жасайды не ғажапты есіл өмір!)
Арада əлденеше уақыт өткен
Таныс боп кеттік содан жақсы көңіл.
Одан соң, танысудан достық туды.
Жалаулап, қолымызбен қостық туды.
Сол кешке əкетпек боп əйеліммен
Көшеде машинамен тосып тұрды.
Мінген соң машинаға жалтыраған,
(Əйелдер сөйлемесе жəй тұра ма?!) –
– Осы сіз қай жерліксіз? – деді əйелім
Əншейін əдетпенен жай сұраған.
Айтты ол руымен, туған елін,
Ештеңе ойында жоқ бұған дейін
Əйелім – о, ғажап! – деп, сылқ түсті.
Ақырын артқы орынға сүйеп белін.
Қарады профессор аң-таң қалып,
Сапардан оралғандай барып-барып,
Бəйбішем күбірледі өзіне-өзі,
«Ия, сол! Сол болуы айдан анық!»
Мен таңмын көріп мынау жайды тосын.
– Сіз менің нағашымсыз! – деді сосын.
Талай жыл сұрастырып іздеп жүрген
Шашыраған ұрпақта қайдан болсын.
Туысқандық, бауырлық сезім – деген! –
Содан соң баяндады сөзіменен.
Кім кімнен туатынын тарайтынын
Аналар айтқан тарих ізіменен.
Тоқтатты профессор машинаны,
Кенеттен көзден жасы шашырады. –
Бəрі де, бəрі де оның есіне кеп
Өмірдің қайта жанған шам-шырағы,
Өмірдің соқпақтары таныс бəрі,
Жағдайлар жақындағы, алыстағы,
Арасы Арал, Тобыл қиыр жолдар.
Баяғы балықшылар дауыстары.
Кезікті сапарларын оңғарып күн.
Өмірдің ғажаптығын содан ұқтым.
Бауырлар құшақтасып тұрды сыртта,
Ішінде машинаның мен қалыппын.
* * *
Солайша бұл аңызды сарқар ем мен,
Бір кезде құлан сауып, арқар емген
Жетімек – аты əйгілі профессор
Жерінен «Барса келмес» барса келген».