Поэмалар ✍️
МҰХТАР ҚАПТАҒАЕВ
Дүниеден өтті кеше бір абзал жан,
Қайырсыз қалды түсіп бір вокзалдан, –
Тірлікте оң сапардың адамы еді,
Соны ойлап, көкірегімде жыр қозғалған.
Онымен сыр айтысып ширек ғасыр,
Дүниенің құшағында қызыл-жасыл?
Тағдырдың үлестірген дəмін татып,
Жалғанның жалпағында салдық асыр.
Бар дейсің жасыратын неменесі,
Тірелмес қайда барып пенде көші,
Жосылтып айтушы еді сөз жорғасын
Баяғы Қаратайдың немересі:
– «Ғафужан, – деді бір күн – мына жалған,
Қарызға дүние ғой сұрап алған, –
Ақырғы борышыңды өтер күні
Көзіңде көлбең қағып тұра қалған.
Жетпістің келіп қалдым алтауына,
Жас кезде серт ауды ма, ант ауды ма, –
Жатпайтын есеп беріп дəурен еді,
Бақыттың шықтым талай мен тауына.
Алаңсыз алғыс айтам заманыма,
Шүкірлік ақыл-ойға саламын да,
Мына қол, мына саусақ күсіменен
Жамырап жатты дүние табанымда.
Ұлы сөз – Еңбек атты жүрегімде
Қан болып, шырқ айналып жүрер күнде.
Бір адам мендей болар, шынымды айтсам
Еңбектен бақыт тапқан бұл өмірде,
Іс еттік азаматтық атқа ылайық,
Дос түгіл есіміңді жатқа жайып,
Ай-сайын газет шулап жатушы еді:
Айқайлап: «Қаптағаев, Қаптағаев!»
Кез еді ауыр соғыс дертін жайған,
Ер мен ел – кезектескен екі майдан,
Көз ілмей екеуінің ортасында
Өткен күн біздің ойдан кетсін
қайдан!
* * *
Қазаққа Түрксібтің зор қадірі,
Бір кезде жүйрік мінді, жорға мінді –
Дегенмен, қалың елдің көбі жаяу
Ағайын амандыққа зорға жүрді.
«Тауды бұзып, тасты жарып,
Жолды салған қандай ер?
Ол – қайратты, ол – қажырлы
Қайтпас қайсар жұмыскер!»
Таң қалам осы күні керемет мен,
Қолдағы барлық қару – күрек, кетпен,
Қайланың өзі де аз, сүйретпе арба –
Күшті еді сондағы елде жүрек неткен!
Арыс пен Айнабұлақ арасында –
Тас кеуде тау біткеннің бəрі осында.
Солардың быт-шыт қылып, төсін жарып
Жол салған ғажайыпқа нанасың ба?
Өткенде паровозбен аңыратып,
Жаңғыртып, тау ұрпағын, жамыратып,
Дегенге қолдың ісі нанбаушы едім,
Тастаған тас біткенді жарып, атып.
Түрксіб – Бақыт жолы қоғам соққан.
Мен өзім, содан туып, содан шыққам.
Құрметті дем алыста отырсам да,
Күнде айтам алғысымды оған сырттан.
Шығарған не қаһарман, жүйрікті зор
Кетпейді көз алдымнан сүйікті жол.
Қазақтың қарапайым жұмысшысын
Ұшырған қанат байлап, биікке сол.
Кешегі Ұлы Отанның майданында
Қар басып, ұрынбадық қай дауылға,
Сонда да тоқтамастан барып жүрдім
Бакуден оқтан қымбат майды алуға,
Бензин ғой – май дегенің – мұнай емес пе,
Танкі мен самолеттің құдайы емес пе.
Шыдай ма, ол болмаса өңшең темір
Күңіреніп күйіп кетпей ұдайы егеске.
Бəрін де аямадық жаннан басқа,
(Бəрі де қалған есте, қалған баста).
Жаңбырдай жау бомбасын төгіп бақты
Басты күш – майдан мен тыл жалғанбасқа,
Не керек өтірікті құрғақ тантып, –
Алдың-ау шұбар шалды бір мақтантып.
Аузында Сталинград тұрдым талай
Түтінін паровоздың будақтатып.
Білмеймін əлі күнге, осынау істе
Мұншама ие қылған басым күшке,
Мұншама адам ұқпас жігер берген
Қазақы майлы, көмір машинистке –
Не нəрсе, не құдірет оны өрлеткен,
Темірді меңгеруге өнер жеткен –
Əлде ол – ел намысы, ер намысы –
Ежелден ата-баба кеудеме еккен?
Одақта «бес мыңыншы» екеу ғана,
Ойым бар – шығам деген жеке дара,
Қашаннан ерегісшіл бір мінезім,
Өшігіп, өрмеленіп кетем жəне.
Сенімді серік етіп шыққан ұлға
Шал əкем бата берді құт даруға.
Составтың ұзынына көз жетпеді,
Матайдан маңыратып шыққанымда.
Тұсында Жалаңаш шың «Айқайтастың»
Табандап паровозым – жаман састым.
Ойбайлап, жаны бардай ыңырсиды,
Дедім мен: «қарап жүрмей қара бастым».
Шұбырды одан да тер, бұдан да тер,
Тоқтасам, өйтпейді əсте одан қатер,
Жүрегім аузыма кеп тығылады,
Тетікті баса түсем одан бетер.
Бұзылар ышқынғанда бет қисайып,
Көз жасым кірпігімді кетті шайып,
Қалмады атамаған аруағым,
Тұрғанда енді амалды жоққа сайып.
Өрмелеп шыға бердім Бұғылыға,
Аз тұрған бұлт ішіне сұғынуға.
Еңіреп қоя берді жəрдемшім де –
«Ағалап» аяғыма жығылуға
Ұмтылды ол, құшақтадым мен оны кеп,
«Адамға табынудың керегі жоқ –
Одан да сүйісейік, бауырым! – дедім, –
Тағдырдың əлі бізге берері көп!»
Жүйткідік, кеттік содан алға қарап.
Жарқылдап маңдайында балға, орақ.
Тартты кеп паровозым жалаулатып.
Байтақ жол – ойды қуып, қырды аралап...
* * *
Туған жер зымырады екі жақта,
«Тез, тез» деп əндетеді доңғалақ та.
«Солқ, солқ, солқ» – жүрегі де паровоздың
«Көс, көс, көс» – көмір салған қолғанатта.
Əр сағат асығамыз алға асқанша,
Тағы да қиын қыстау жол басқаша,
Соғыстың түтіні мен паровоздың
Түтіні түйісіп кеп жалғасқанша.
Еділдің ел жақтағы оң жағасы...
Жалыннан көрінбейді жол жалғасы.
Сөндіріп жалғыз көзін паровоздың
Кіргенім əлі есімде сонда алғашқы.
Қайыстай қақ терімнен тер бұршақтап,
Жанығып, жан таласқан сол бір шақта.
Мен бірақ білгенім жоқ зымыраумен
Жайнаған жеткенімді болашаққа.
Барлық ой – ел ес алсын, ер сергісін,
Тек соған сеп тигізу жетсе күшім,
«Рекорд», рекорд!» деген сөздер ұшты
Қойып ап аяғына леп белгісін.
Саңқылдап радио, газет сайрап,
Жан-жаққа телеграмм, хаттар айдап,
Жер-дүние сөйлеп кеткен секілденді
Қазақша бəрі дағы: «Қаптағайлап».
– Сен, бала, жымиясың неге маған?
Бөсті – деп, ойлайсың ба жаман ағаң?
Шыны сол, документ бар сандығымда,
Нанбасаң көз жіберіп, қара анаған! –
Деп Мұқаң, қос қолымен тіреп
белді,
Түскендей ауыр салмақ жүрекке енді.
Азырақ бір дем алып, көрсетеді
Жардағы самсап тұрған суреттерді.
Содан соң – деді Мұқаң, сөзін жалғап, –
(көрді ғой суреттерді көзің барлап).
Сталин атындағы сыйлықты алдым.
Аброй қанатында ұштым самғап.
«Ері деп екі майдан, екі жақтың» –
Баяндап өмірімді шертіп жатты.
Жарқырап омырауымда жалау тұрды, –
СССР Жоғарғы Совет депутаты!
Бар бақыт – күн боп күліп алдан шығар.
Ондай шақ азаматқа арман шығар,
Ол кезде балғын жігіт болсаң-дағы
Есіңде сенің-дағы қалған шығар.
Оқулық, очерк те, мақала да
Əр уақыт менің атым атала ма.
Тағдырдың өзі əкеліп үлестірген
Олжадай көрініпті ата-анама.
Мың алғыс Коммунистік партияға, –
Бұл қазақ ол болмаса шарқ ұра ма?
Данышпан ойыменен танып білген
Адамнан еңбек көзін, сарқырама.
Біржола бітірейін мақтанымды,
Содан соң сан қызмет атқарылды.
Партия басшылары – не бір сабаз
Еске алам бірге жүрген шақтарымды.
Сол кезде дүниеге қалай сыйдық,
Аспанның ақша бұлтын оңаша үй ғып,
Бірге ұшып самолетпен, сөйлесуші ем,
Арқамнан қағушы еді Ворошилов.
Еңбекпен келіп жатты күндер күткен,
Кезі жоқ қайрат кеміп, жігер біткен.
Майданның маздаған от жалынында
Кездесіп жүрдім талай Шверникпен.
Қарызын қан майданға ел төлепті,
Сол кезде ол төлемге ер керекті.
Қазақтың қасқа жайсаң басшылары
«Мұқаң» – деп, бəрі тегіс еркелетті.
Дүниеде саналады ер данадан –
Барлықты, жоқшылықты көрген адам,
Миына тесіп құйсаң соны ұқпайтын
Тірлікте толып жатыр көрдей надан.
* * *
Бес, он жыл домалады өрге тасым,
Елуге жетпеген кез менің жасым,
Бір шыққан биігіңе шыға берсаң –
Кей-кейде тəубаңнан да жаңыласың.
Дүние тұра алмайды бір қалыпта,
Адамның бірі озып, бірі қалып та,
Ұрпақтан ұрпақ туып жалғасқандай –
Келеді Еңбектің де түрі жарыққа.
Бұл күнде қала да бай, дала да бай, –
Барлықты жүргендер көп бағаламай.
Жарқырап тепловоз, электровоз
Тұсымнан күнде өтеді самаладай.
Алыстан кісінеген кəрі айғырша,
Ұмтылып қала берем баяғыша,
Үйренген ылғи шауып ескі тарлан
Тоқтамас үзеңгіге аяқ ұрса.
Талай жыл өтіп кетті біздің іске,
Салады Тарих өзі жүгініске.
Қолыма паровозым қайта тисе,
Əлі де жарар едім бір жүріске! –
Деп Мұқаң, аяқтамақ болды сөзін,
Тіл қатар осы жерде келді кезім, –
Адамды еркелетіп отыратын
Аңқылдақ сыйлаушы едім ер мінезін:
– Ал, Мұқа, сол паровоз қайда қазір?
– Ол байғұс əр тупикте айдауда жүр.
Тағдыры олардың да адамдардай, –
Қартайсаң зияның да, пайдаң да бір.
Айтқанда ескі серік паровозды,
Арқасы ер Мұқаңның қайта қозды.
– Шынында, бұл өмірде болады екен
Əркімнің бақытының тарлан бозы!
– Мен үшін ештеме жоқ одан ыстық,
Онымен жол қыртысын аударыстық.
Матайға жақын қалып, бір ысқыртсам
Балалар жетуші еді алдан ұшып.
Мінгізіп, сүюші едім алдыма алып,
Жұпардай иістеріне жан қуанып.
«Мұқтардың айғырының дауысы!» – деп
Əкем де анадайдан тануы анық.
Көруші еді үй ішінің бəрі жақсы,
Сүйетін түтінінің дəмін ащы,
Əр жолдан келген сайын, мінгізіп ап,
Жүруші ем сайрандатып кəрі, жасты.
Шығардан аз жыл бұрын демалысқа, –
Дедім де, тұра бермей енді алыста,
Ұзамай Алматыға көшіп келдім,
Үйімді тиеп алып сол байғұсқа.
– Паровозға ма? – дедім мен ұқпай қалып
– Əрине, – деді Мұқаң, бір тамсанып
Алатын əдеті еді сөз жалғарда.
– Көшуге біздің халық мықты халық.
Сонда да мендей көшкен жан болмас-ты,
Соңғы рет пайдаландым жан жолдасты.
Рахмет теміржолшы ағайынға
Алдымнан қарсы шығып қаумаласты.
– О, шіркін, заулаушы едік ол екеуміз
Жол десе бар еді ғой берекеміз.
Вокзалдар қалушы еді қолын бұлғап
Тұсынан тоқтамастан əрі өтеміз.
Еді ғой Темір жолым – өмір жолым,
Ол барда сезбеп едім жолым жоғын.
Деп мені айт – «жол қызығын көрген адам»
Атады қай күн бізге тағдыр оғын? –
Білмейміз, бірақ соның бəрі заңды?
Қаншама қимасаң да қайран жанды,
Отырмын шамаданды буып-түйіп,
Бетке алып мəңгі түсер бір вокзалды.
Тірлікте соқпап едім еш біріне,
Тəкаппар сол қылығымды естіді ме,
Ең соңғы ақыр вокзал қоймай-қоймай
Шақырып күнде мені, өшігуде.
Көп жаттым қол-аяғым сарып болып,
Сайрандап, барар жерге барып болып,
Əрең деп отыр енді жолаушы ағаң,
Кетері ағайынға анық болып.
Шешендер шертеді екен өз қылғанын,
Мақтасып əділетке сөз бұрғанын,
Менің жоқ ондай ойым, айналайын,
Алтын деп, алғаным жоқ жездің бəрін.
Алайда бір жырлайтын кезің келді
Ағаңның адамдығын көзің көрді.
Күн ауып төбемізден бара жатыр,
Алатын қолдан шылбыр өзің енді! –
Деп Мұқаң, жоқ сақалын сипалады,
Секілді ойнап біткен күй табағы.
Басылды күңгір-күңгір қоңыр даусы,
Өмірдің аяқталды бір сабағы.
Дүниеден өтті кеше бір абзал жан,
Қайырсыз қалды түсіп бір вокзалдан,
Тірлікте оң сапардың адамы еді,
Кеудемде сəл кешігіп жыр қозғалған.
Ол жырды жаздым шапшаң, өте тығыз,
Қалдырсаң өтеді жаз, өтеді күз.
«Керемет келістірем», – деп жүргенде,
Дейтұғын «əттеген-ай!» – əдетіміз.