Поэмалар ✍️
АЛТАЙ АЗАМАТЫ
1
Бардың ба, сен Алтайға,
Көрдің бе оның мұз-тауын?
Қалпыңменен шалқайған
Тауысып бір көз жауын.
Қарадың ба сен оған,
Ақ дулыға шыңдардың.
Ең төріне орнаған,
Жолын тосып шығар күн.
Үш бұрышты көк телпек –
Айнымайтын шыныдан,
Ерке жұлдыз – көп тентек
Омырауына жығылған.
Сəлдесіне қадалған,
Меруерттей жылтылдап.
Əр тамшысы адалдан
Əрең еріп там-тұмдап.
Талма-түсте тершіген
Күннің өткір көзімен,
Еш кезі жоқ менсінген
Салыстырып өзімен.
Не тəкаппар шыңдарды, –
Оларда да мықты көп.
Таңырқасып тұр мəңгі:
Мынау қайдан шықты?» – деп.
Бір ғаламат құдірет
Мұздан соққан ескерткіш.
Талай ғасыр сүңгілеп
Таулар төсін тескен күш.
Көкке барып тоқтаған,
«Осы тұс лайық маған!» – деп.
Қырандар оған соқпаған
«Қанатым қатып қалар» – деп.
Онда жоқ жел мен борасын,
Кезі жоқ əсте кірленген.
Бұлттардың ақ пен қарасын
Қат-қабат жұтып, күн көрген.
2
Осынау Асқар – көк телпек,
Басына жұлдыз түнеген,
Шұбырар сосын көп тентек,
Əкесін танып білмеген.
Ананың сөзін ұқпаған, –
Ақ шулан асау толқындар.
Жолынан тосқын шықпаған,
Жосудан танбас жойқындар.
Солардың бірі – Бұқтырма,
Тұла да бойы толған өрт.
«Бұқтырамын» – деп, – ол əлек,
«Бұқпаймын» – деп, – бұл əлек.
Көк ала тасты тілімен
Жентектеп тіліп арадай,
Күнімен яки түнімен
Жан-жағына қарамай.
Мың арыстан шайқасып,
Жеңісе алмай жатқандай,
Мың жолбарыс айқасып,
Тырнақтан тамтық түк қалмай
Қаңсылағандай, жаңғыртып
Қаңылтыр көрмей тауларды,
Самұрық шыңды сан құртып,
Жолынан жасап аңғарды,
Құлайды төмен алапқа,
Құлаған сəтте баяулап,
Ақ көбік болған қара атқа
Тыныштық беріп, жаяулап,
Еліне жеткен батырдай, –
Жайланып ағар Бұқтырма, –
Артта бір қалып кезең бел.
Сəлемге келген жұртыңдай,
Ағысы момын өзендер.
Қосылар соған жолшыбай
Түйісіп төске бастары
Əкелген тарту, шашудай
Салдырлап малта тастары.
Шаршаған туыс, шам көрмей,
Шағындау сол бір шашуды
Қабылдар үнсіз, əл бермей
Асқынған басып ашуды.
Ойнар ол ұсақ тастармен
Тырнақпен жұмсақ қысып жай,
Ерігіп майда башпаймен
Жүнді аунатқан мысықтай.
3
Дəл осы жерде, ойпатта
«Жаңа үлгі» деген ауыл бар.
Адамды жұтқан апаттар,
Басынан өткен дауылдар.
Солардан аман қалып ол,
Ұрпағын сақтап алып кеп,
Туғанда кеше ауыр жол,
Жіберді соған салып кеп.
Самсаған сабаз ұлдарын,
Аямас тажал – келді жау.
Көтерді халық ұранын –
Отанды қорғау – Ел қорғау.
Сексен жігіт аттанды,
Жауына түсер жасындай
Еңіреп ана, қарт қалды –
Селдіреп орман шашындай.
Бұқтырма екеш, Бұқтырма
Баурына басып, аяған
Шап-шағын ауыл жұртында
Қалмады іні-ағадан.
Соғыстың қанды орағы
Айналып келіп шалғанда,
Ауылдың балғын құрағы –
Он жеті жасқа қалғанда,
Бошай да кетті ішінде –
Бір үйдің тұлдыр-жұрнағы.
Шошыр ең сонда түсіңде
Ауылды көрсең қырдағы.
Күңренді Алтай таулары,
Көз жасын бұлтпен сүрткілеп.
Шаңырақ, бірақ аумады
Бақанын халық тік тіреп.
Сондағы елдің қайраты-ай
Ең соңғы сонау ышқыныс!
Мұндағы жұртты сорлатты-ай
Жаз – мылтық болып, қыс – қылыш!
...Соғыстан Бошай оралды
Кіндігі түскен жеріне.
Оң аяғы – ол қалды
Европаның төрінде.
Қос балдақты ер жігіт
Қарады шолып ауылын,
Жүрегі күйіп, жанып іш
Жоқтады талай бауырын.
Сан үйді кіріп жұбатты, –
Жұбату – амал жоқтығы.
Ішінен берді бұл антты, –
Ендігі өмір көп күні.
Жұмсалар елдің жыртығын
Бүтіндеу, жамау ісіне.
Таппады сонан бір тыным,
Қарамай ақтық күшіне.
Алдымен елдің рухын,
Еңсесін тіреп түзетті ол.
Нəр беріп жанға бір жұтым
Тірілу сəтін күзетті ол.
Содан соң қирап, бұзылған
Жөндеді не бір ұяны,
Қысқаға бөліп ұзыннан, –
Қырық сақ болып қиялы.
Жинады ылғи тұқымды
Шашылып қалған жұрттағы,
Мұны бір əке тұтынды
Келмегендердің ұрпағы.
Құлыны яки ботасы, –
Бəрін де жиды сəбидің,
Жүгені яки ноқтасы
Сақтаған, баққан əр үйдің.
Ортаға солай жиналды –
Ортаны құру оңай ма?
Не керек сансыз қиналды
Он күн бе яки он ай ма?
Он еркек бүтін табылу –
Қиынның қиын ісі еді-ау, –
Өткен күннің бəрі – су,
Бүгіндер еске түседі-ау!
«Жаңа үлгі» солай қайтадан
Баяулап жылжып, алға асты,
Жақсы ғой артта қалса адам,
Амандық күнге жалғасты.
Жалғасты колхоз тірлігі –
Осынау ақсақ ағадан.
Тірлігі – елдің бірлігі
Жалықпай жүріп жамаған.
Қырықта, кəзір елуде
Сондағы туған жаңа адам,
Əкем бар – деген сеніммен,
Үмітпен бұған қараған.
4
Арада өткен көп жылдар
Асырды өмір белінен,
Қайыспай тартқан сол бір нар
Қат-қабат жүкті елімен.
Катон мен Большенарымнан
Бастаған жедел тірлікті,
Қаншама колхоз жарымжан
Үлкейіп, өсіп, бірікті.
Заманы оны заулатып
Алысқа құлаш серметкен,
Ай менен жылды аунатып,
Қайнаған қажыр-еңбекпен.
Талай бір өрге шығарды
Шабытпен, оймен ел бастап,
Шаруасы топтан ту алды,
Жүйрігі келді ойқастап,
Жүздеген тұлпар алдында
Жүлдені бермей талдырып.
Сан өлке, самғап сан қырға
Атағы кетті жаңғырып.
Бүгінгі Ленин колхозы
Отыз жыл өзі басқарған,
Республика жампозы –
Бар табыс содан басталған.
Советтік колхоз құрлысы –
Шебері соның даңқты,
Шығыстың қаулап тұрды ісі,
Көтеріп Алтай алыпты.
Зауласын ерің, зауласа
Салдырмас қамшы қылаң көк
Екі аяғы сау болса,
Қайтер еді мынау!» – деп.
Қанаттас талай құрбысы
Əзілдеп əрі сүйсініп,
Теріске жөнді бұрғысы
Келді ғой талай күншілдік.
Солармен де алысты ол
Күресшіл жаны шаршамай.
Аброй жолы – алыс жол,
Емес-ау тірлік – кең сарай.
Боз аттан мынау «Волгаға»
Ағаш аяғы жеткенше,
Тұрмысқа кешіп ел жаңа
Қырсықты басқа тепкенше,
Қап-қара шашы ағарып,
Қаншама тер мен күш кетті!
Баяғы сол бір ағалық
Жүрегі бəрін істетті.
Қатесін кейбір кешірмей,
Жолында тұрған адам көп
Кешегі қолдан өсірген
Елі қолдайды – амал жоқ.
«Күшік асырап – ит еттім,
Ол балтырымды қанатты,
Біреуге мылтық үйреттім,
Ол мерген болды – мені атты!» –
Деген сөзін Абайдың
Бұл да ішінен сан айтты.
Жаны кең сабаз бірақ та
Итпен ит болған күні жоқ.
«Ішті арамдап, кек сақтап
Кешкен ғұмырдың құны жоқ,
Жүре берсін байғұстар
Келіп, кетіп қасымнан
Термейтұғын қай құс бар,
Ризығын шашылған!» –
Деуші еді ол жарына, –
Жайымен күліп, сығалап,
«Көрінгеннің бəріне
Сенесің!» – деп кінəлап,
Бəйбішесі сөз айтса,
Бөксе бұрын қыңбайтын,
Өскен емен көк таста –
Дауыл соқса сынбайтын.
«Ел шаруасын қараған,
Жұрт аймағын күзеткен» –
Əдеті жоқ сол адам
Үй шаруасын түзеткен.
Қақпасы анау аңқиған,
Күндіз-түні бəрі бір.
Есігі ашық шалқайған
Күйіменен əлі тұр.
Кеңсесі не, үйі не –
Келіп кетіп жатқан жұрт,
Қаратады дəміне,
Бал қымызы, жент пен құрт, –
Əйелін де тағдыры
Қоса салған теп-тең ғып,
«Мінездің шапшаң тезінен
Жығылсам да адал жығылам,
«Коммунист» деген сөзді мен
Азаматтық деп ұғынам,
Жүз адамға бес адам –
Азамат болып жолықса,
Кереметтерді жасаған
Осылар – деп ел ұқса,
Сенемін өзім мен соған!»
5
Осы күнде де ол солай
Адам жайында толғайтын.
Адаммен дүние кең сарай,
Адамсыз сəні болмайтын.
Ол оны сонау жылдарда
Азамат жоқта түсінген.
Кешігіп көктем туғанда
Гүлдерді жинап үсіген,
Алақанға салып мəпелеп,
Ошақтағы отқа жылытқан.
Ұрпақты қолдан жетелеп
Əкелген жазға суықтан.
Ошағы – оның колхозы,
Өз үйіндей аяулы.
Талайға жəрдем қол созды,
Сықырлап жүріп аяғы.
Достарын іздеп баяғы
Түсінде де айқай салатын,
Соғыстың қалған саяғы –
Сындырған сыңар қанатын,
«Əттеген-ай, солармен
Қосыла жұмсап бұл күшті,
Бүтіндеп шапшаң алар ем,
Қираған мынау тұрмысты» –
Деп күрсініп, оянған
Екі-үш-ақ сағат ұйқыдан.
Көңілі бөлшек, ойы алаң
Көп үміт күткен жұртынан.
Осылай аспан бұлтынан
Күн шығар еді қорғалап,
Босанып түннің құлпынан
Сəулесі жерге сорғалап.
6
Республика кетті өрлеп
Көз көрмеген биікке.
Даламен жүйткіп көкпеңбек
Ұқсаған алтын киікке.
Аспан мен жердің арасын
Жалғаған жалын жолымен,
Көргенде қазақ баласын,
Бірге ұшқандай сонымен.
Ғажайып масаттанатын
Біздің де Бошай ағамыз.
Өсіруші еді қанатын
Сол шындық жəне сол аңыз.
Осында, бəлкім, менің де
Еңбегім жатқан шығар – деп.
Енетін зор бір сенімге, –
Біледі соны – бұлар – деп.
Өйткені кəзір бұ-дағы ер
Жайнаған балға-орағы.
Колхозы мынау миллионер
Таныған Елі Одағы.
Табысы соның құйылған
Қазына, алып қазанға.
Əйтпесе сонау қиырдан
Мұның да атын жазар ма,
Телеграмма – жолдап құттықтау.
«Жеңіспен туған – ер егіз.
Болар ма мұндай шарықтау,
Шарықтамасақ егер біз» –
Деп, толғайды Бошекең,
Толғауы оның дұрыс-ақ,
Ол – ерліктермен де дос екен, –
Енді ойланып ұғынсақ.
Ерліктен Ерлік туындап,
Шындық пен шындық жалғасқан.
Қосылып жатыр дуылдап
Бергі жер мен арғы аспан.
«Айналдым туған елімнен,
Айналдым шебер халқымнан,
Осының бəрін көрдім мен
Көрмегендердің атынан.
Көзімнің жасын көп сығып,
Соларды жоқтап тауысқам.
Толтырған орнын, өсіріп
Халқым менің данышпан.
Босап та, бəлкім, кеттім мен –
Қарашы, бауырым, қарашы,
Қанатыменен көк тілген –
Мендейлердің баласы,
Ақсақтардың баласы,
Боздақтардың баласы!» –
Дегені оның есінде
Колхозды жинап алапқа,
Аспанның заңғар төсіне
Гагарин ұшқан сағатта.
Орынды, жұртым ендеше,
Осылай, осылай сөйлесе, –
Мұндай да самғау бола ма,
Ерлер өмірін қимаса,
Ол аяғын бермесе!..
7
Мың тоғыз жүз сексен бес –
Календарь беті ашылды.
Тоқтауына дес бермес
Мүжіп-жеп уақыт ғасырды
Қырық жыл бопты ойласа
Сонау бір өткен сұрапыл,
Түбіне терең бойласа –
Тағы да бір сұрақ тұр.
«Енді не істейсің соларға? –
Ақырғы күшті қозғап қал.
Туған жерге соға алмай
Арманда кеткен боздақтар.
Рухы күнде тіріліп,
Жағалап өмір арнасын,
Күтеді сенен бір үміт,
Күтеді анттың жалғасын,» –
Дегендей əлгі бір сұрақ –
Тірінің сөзі секілді,
Жүректің қозғап тынышын ап.
Көңілден маза кетірді.
Алпыстан асып жас келді,
Ақ алмас əзір қында жоқ.
Бастайтын қалың əскерді
Баяғы қайрат мұнда жоқ.
Сонда да əлі беріспей
Келеді қырсық, қиынға –
Ақ қырау бүркіп теріскей,
Көк нөсер көзге құйылған.
Жылдарды кешкен қарт солдат
Қақаған қыста қасқарып,
Зымырап кейде ақсаңдап
Келеді колхоз басқарып.
«Өлгенше Ленин колхозын
Басқарып өтем!» – деген серт,
Құдіретіменен сол сөздің
Алдында жайнап келешек.
Сүйрейді оны алысқа,
Алысқа, жарқын жағаға.
Сүйсінер жат та, таныс та
Осынау жайсаң ағаға:
«Жігіт болсаң – сондай бол!» –
Не жетер мұндай бағаға.
Ол үшін кешті қандай жол
Қырық жыл өткен арада.
Қырық жыл екен ойласа, –
Ойлану шіркін жайдан ба,
Протезін мықтап байлап сап,
Кіргелі Еңбек – майданға.
Ол содан аттан түспеген,
Талай ер шіріп астында,
Талай да тоқым үстеген,
Жүзумен жүріп тасқында.
Қырқыншы міне жыл жетті,
Қолда бір билік барында.
Атқармақ соңғы міндетті
Жан достардың алдында,
Қаруластардың, алдында.
Қайратын өлше нарыңның
Қабырға бойы жүк салып,
Катон мен Большенарымның
Арасына əсте жік салып
Көрмеген ерің бауырмал,
Егіздей қатар тұтынып,
Онда да, мұнда ауыл бар –
Мың шаңырақ, мың түндік.
Солардан қайтпай еліне
Қалған да сонау боздақтар,
Жүз бе, əлде сексен, елу ме –
Тірідей бұған сөз қатар.
Баяғы анты есінде,
Бар жігерін жиып ап,
Келді бір өжет шешімге
Бас пенен қолға қиын-ақ.
Бес ауылға бес белгі
Орнатпақ болды мəрмəрдан.
Қалдырмай жазып еш ерді,
Шыға алмай кеткен арманнан.
Алтайдың тасын қидырып,
Шеберлер жиды қашаугер.
Жігітке сауыт кидіріп
Сенімді серік осы-ау дер.
Бастады өрен бір істі,
Қимылы қатты сол ағаң.
Жеп жіберетін жұмысты,
Кезі жоқ шайнап талмаған,
Зəресі ұшты кей надан,
Ұғынып, мағына бере алмай,
Төменнен ғана ойлаған
Биіктің шыңына ере алмай.
Шапшаң да шапшаң үлгіртті ол,
Күндерін бүктеп, түнді алып.
Жолдарға төнген үстірт-жон
Қимылдан тұрды ырғалып.
Май келіп қалды сөйткенше
Жеңістің отын маздатар,
Жықпайтын пілің сүйкенсе,
Ескерткіш тұрды қаз-қатар.
Жарқырап алтын əріптер –
Жайнады ерлер есімі.
Жұрт қолы сипап дəріптер, –
Мадақтар оны ел сыны.
Ақ мата жауып əзірге,
Салтанат күнде ашуға,
Қойған бір кезде əзірлеп,
Біреулер басты у-шуға:
«Кітапбаев өзіне
Ойдырды тастан кітапты.
Дүрілдеп тұрған кезіне
Қалдыру үшін атақты.
Колхоз қалды сонымен
Шаш етектен шығындап!» –
Жоғарғы жаққа жолымен
Арыздар ақты зуылдап.
Ол арыздар оралып,
Ондалап мұнда келгенше,
Біткен іс бітті – ол анық
Ескерткіш тұрды өзгеше
Бір апта қалды ашуға, –
Дейтін күн: «кəне, жұрт жиыл!»
Аудандық басшы ашуға
Басты кеп дейсің тұтқиыл.
Рұқсат бермей қасарды.
Жазықсыз ерді жазғырып.
«Шаш ал – десе – бас алу» –
Əлі де бізде бар қылық.
8
Сондайы қиын тың істің,
Қолдауын таппай көп қинар.
Бітуі жұмбақ жұмыстың
Өзіңде болмай ықтияр.
Талай да тауы шағылған,
Құм болған талай жігері, –
Тамаша ойлар табылған
Əдіра қалған күндері.
Сонда да ірі қимылға
Үйренген басы илікпей,
Тартатын ылғи қиынға,
Секірген жардан киіктей.
Бұл жолы да ешкімсіз
Тəуекел серік еткенді.
Ауылдан қаңқу естіп сөз, –
Ауданда басшы кектенді.
Ол өзі жалпы бұрыннан
Қабағы теріс болатын,
Өзгедей қақпай құр жылмаң,
Айтарын тіке соғатын.
Істерін істеп қалатын.
Баратын жерге баратын,
Жығылғанша сүйрейтін,
Мінезін əсте сүймейтін.
Беделі тозбас бұл қайсар
Қиындау соқты басшыға.
«Пенсияға шығарып сал
Осы биыл жаз шыға», –
Деп ақыл берген анада
Облыстағы дөкейдің,
(Болмысты болжап бола ма)
Өзіне төнді төтен күн.
Мұның да жайы онша емес,
Шаруасы төмен құлдырап,
Бастық қой – мейлі қанша егес,
Рұқсат бермей тұр бірақ.
Мөлшерлі күндер сырғиды,
Сырғыған сайын – жүз қайғы.
Көтермей ауыр бұл күйді
Шаршаулы жүрек сыздайды.
Мазасыз қалпын байқаған
Бəйбіше де ойға батады.
– Бастады – десей қайтадан.
Бітпеді-ау соның шатағы.
Қуанып тосқан ел мынау
Мерейлі күнді сағынып.
«Осыған да аман келдік-ау!» –
Деп еді бəрі жабылып.
– Оқа жоқ, – деді ол оқыстан
Тағы бір ойға бас бұрып,
Оралтқан аман соғыстан
Тастамас бізді жақсылық!
Үзіліп кетер жұлыным,
Бетімнен бірақ қайта алман,
Соларға шыққан шығынның
Саламын бəрін қалтамнан.
Балалар өзі-ақ күн көрер,
Өзіміз аштан өлмеспіз.
Бұдан да зорды жеңген ер,
Намысты қолдан бермеспіз!
– Шай ішші, суып қалды шай,
Жұмыстың артын бір бақпай
Тəуекел еткіш байғұс-ай! –
Деді де тынды үн қатпай.
* * *
Мейрамға төрт күн қалғанда,
Дегенде «рұқсат болмас түк» –
Пленум өтіп ауданда
Тоңқалаң асты сол бастық.
Артынша соның облыс
Жаңадан келген басшысы.
Мұнымен жасап жолығыс,
Иықтан езген тас түсті.
«Ашуға бір күн қалғанда
Көремін барып», – деді ол.
Жаңаның сөзі жалған ба, –
Айтқандай келіп көрді ол.
– Игі де жұмыс жасалған,
Көркейту керек əлі де,
Сапасы тəуір тастардан,
Ел үшін ғой бəрі де,
Болашақ үшін бəрі де! –
Дегенде, демін Бошекең
Тереңнен тартып бір алды,
Баяғың бəрі – бос екен,
Жылап та тұрып қуанды.
Баяғының бəрі шықты естен,
Мақұлдау сөздің зары өткен,
Дəл сол күні кездескен
Ақынның бағы бар екен.
9
«Жаңа қайың», «Майемер»,
«Жаңа үлгі» мен «Қабырға» –
Дəрімбет аулы – бір бүйір
Ақ ала шыңның жанында.
Бес ескерткіш – үш жүз ер
Халқымен бүгін қол алып,
Шақырып тойға туған жер
Келгендей болды оралып.
Оралған емей немене,
Аналар таңды қарсы алып,
Шүпірлеп өңкей немере
Аттарын айтып, əн салып.
Баяғы жарлар – жесірлер
Жаулықпен шашын жасырған,
Жарқырап алтын есімдер
Көздерге оттай басылған.
Келіншек күйге түскендей
Ерлерін қайта құшақтап,
Ғажайып күнді кешкендей
Кірпікте жасы моншақтап.
Кəзір де кəзір оларды
Қолтықтап үйге қайтардай,
Біразы бірақ қиналды
«Шалым-ау», – деп те айта алмай
«Жігітім», – деп те айта алмай.
Естілмей ақтық сөздері
Қиылған қыршын армандар,
Жұмылған сəтте көздері
Жастары тоқтап қалғандар.
Кемсеңдеп кемпір, шалдарың
Құшақтап тасты бас салып,
Сулайды орамалдарын
Суалған көзден жас тауып.
Оқиды анау сəбилер
Қөзімен тінтіп, ақтарып,
Оралғандай бəрі үйге
Аталардың аттарын,
Əлде бір тосын мақтаныш
Кеудені солай кернейді,
Табылып жансыз таста күш, –
Адамша бəрі сөйлейді,
Сөйлейді мəңгі өшпейтін
Даңқтың жайын баяндап.
Атынан түспей кетпейтін
Жолаушы мұнда аялдап.
Киелі мекен, қара орын
Осылай орнап қалды ұзақ.
Қарсы алып дала боранын,
Соқса да, жалын, аңызақ.
Міз бақпайтын ескерткіш.
Сағынып ана, аңсап жар,
Аздыртпас соны, ескіртпес
Сипалап ыстық саусақтар.
Сол жайында сөйледі
Тебіреніп тұрып Бошекең:
«Ризалық маған бер, – деді, –
Қолдан бір келген осы екен! –
Ағалар, қатар құрдастар, –
Армандас, биік өрелес,
Тіл біткен мəрмəр бұл тастар –
Еліңнің қолы – мен емес.
Еліңнің махаббаты бұл,
Алғысы аман ұрпақтың,
Бəріңнің жайнап атың тұр
Бетінде мəңгі кітаптың.
Сол кітапты жазуға
Қатнасқан жанның бірі – деп,
Қолымды қойдым – жазғырма,
Аттарыңды атап күбірлеп.
Ішімде антым бар еді,
Сөндірмей келген бір шоғын.
«Іске асқан» – деген ал енді
Айғағы болды бұл соның.
Жетеді маған сол сезім; –
Басқаны берсең – ауырлар.
Аяулы менің колхозым,
Аяулы туыс, бауырлар!» –
Дегенде халық бұл шақта
Лап берген толқынға ұқсады.
Талайы сүйіп, құшақтап,
Талайы қолдан ұстады.
Түйедей бойлы Бошекең
Түймедей болып, көрінбей
Ақты да кетті – көп бір –сең.
Бұқтырманың селіндей.
«Осынау жүрген жоғалтпай
Азамат – деген атты алып,
Менен туған!» – деп Алтай
Тұрғандай еді мақтанып...
СОҢҒЫ СӨЗ
Осындай өрен істермен
Соңынан қалың ел ерткен,
Осындай азаматтармен
Айнымас жолдан серт еткен
Мықты ғой біздің ұлы Одақ –
Мызғымас қамал – жол берік.
Халқына алғыс, – мың мадақ
Өсірген солай қол беріп.
Қимылы қысқа, бас қамшыл
Тамағы тойса – тасыраң,
Кесірлі кекшіл – бос шамшыл,
Тазармай миы сасыған,
Кереметтердің талайын
Уақыттың қолы сілкілеп?
Тартқызған тарих сазайын, –
Ескінің азған мүлкі – деп.
Елі де сүйген, жері де
Алтайдың ерін жыр еттім,
Шындық та осы, сенім де, –
Бұйрығы жəне жүректің.
Секілді Алтай мұз-тауы
Өлкені жатқан қарық қып,
Тегін де болмас ұқсауы –
Табиғат деген жарықтық.
Ел үшін еткен өшпес іс –
Ерте ұғар біреу, кеш ұғар.
Оған да бір ескерткіш
Өлеңнен соқса несі бар?!