10.07.2022
  103


Автор: Ғафу Қайырбеков

САҒАТТАРЫМ

Сағаттарым, минуттарым, сəттерім,
Сен алдымда ашық жатқан дəптерім,
Сол дəптерге, сол күндерге үңілсем –
Неткен қызық, неткен балдай тəтті едің!
Сағат, сағат – хабаршысы мезгілдің,
Сонша неге аялдамай, тез жүрдің.
Махаббаттың жолаушысы кешікті,
Əлі отырмын, қақпайды ешкім есікті.
Сағаттарым – менің өмір тынысым,
Ақын жандар туады екен күн үшін.
Жапырақтар өседі екен күн үшін
Айтшы маған, мен жасаймын кім үшін?
Жалынамын, жалбарынам бүгін мен,
Сағаттарым, сыңғырлаған тіліңмен
Айтшы маған, сол жолаушы келе ме
Махаббаттың тар жолында сүрінген?





Пікір жазу