10.07.2022
  106


Автор: Ғафу Қайырбеков

Дүниеге мен келгелі көп таң атты...

Дүниеге мен келгелі көп таң атты,
Сан рет жұлдыздарын көк таратты.
Орнынан қозғалмаған жалғыз ғана
Бір жұлдыз таңға ғашық Шолпан атты.
Сан рет ұйқымды үзіп ояндым да,
Көрдім мен ылғи оны таң алдында.
Аспаның бақытындай жеке дара,
Тіршілік ойнайды екен жанарында.
Қызарып, сұлу беті бал-бұл жанып,
Еркелеп, өзіне өзі сəл бұлданып,
Содан соң сағынып сыңғыр қағып,
Алдына құлайды екен таңның барып.
Жармын, – деп, сендікпін, – деп
басы байлы, –
Куəға ертіп алып қасына Айды,
Таңменен сүйіскенде ғажап дыбыс
Үзіліп, көктен жерге тамшылайды...
Сұлулар, жалықтырса күнде бұл жер,
Биікке қалай қарауды үйреніңдер,
Сабағын ғашықтықтың оқу үшін
Шолпанды ерте тұрып бір көріңдер!..





Пікір жазу