ЕСІМДЕ ГОГОЛЬ КӨШЕСІ
Есімде Гоголь көшесі,
Есімде үш қабат үй.
Есімде жардың кесесі
Дейтұғын: «жігіт, шарап құй!»
Есімде қызыл трамвай
Екіге дейін жүретін.
«Қалса, антұрған, шыға алмай
Өледі-ау, – деп – билетім!»
Елегізіп, шіркін, жігіттер
Есімде, шыдам тауысқан.
«Қарындас жан, біліп бер!» –
Деп, біреуге жабысқан.
Есімде жүрген тротуар
Ерсіл-қарсыл жол қылып.
Тұрушы еді қыруар
Терек сайын он жігіт.
Есімде будка, сар есік
Сыланып қыздар шығатын.
Күзетші шал егесіп
Бізге айқайлап тұратын.
Есімде «заказ» оралмай
Сол бойынша кететін.
Кездесе алмай, көре алмай
Жігіт жапа шегетін.
Есімде тапал шарбағы
Қарғып кеткім келетін.
Маған қызық – ар жағы
Театрдай көретін.
Есімде сол бір араның
Ұйық, шалшық, батпағы.
Демей-ақ қой «аламын»
Түсіп кетсе қалпағың.
Есімде кейбір күндері
Аяз боп дене мұздаған.
Сонда жалын бір демі
Шықса жақсы – қыз саған,
Жүрегіңе ыстық бу
Тарататын құшақтап.
Жаңа таныс – жас сұлу
Айтса қызық сыр сақтап.
Əйтпесе, сол сақайған
Күйіңменен кеткенің.
Жан жоғалып бақайдан,
Ұшы сыздап өкшеңнің.
Есімде, шіркін, бəрі де,
Есімде қызық жастық шақ,
Есімде жардың əні де,
Есімде ыстық жас құшақ.
Есінде талай жігіттің,
Есінде талай өмірдің,
Дей алмас ешкім «ұмыттым»
Көшесін қайран Гогольдің