ТАҒЫ ДА САҒАН!
Саған біткен бидай өңде бар бір сыр.
Бет ұшында дірілдейді жұқа нұр.
Ол бір сенің айғағындай арыңның
Білген жанға көзге ту ғып ұстап тұр.
Ойнақы, еркін, жайдары, ашық мінезің,
Сүйсе қандай сүйер сені кім өзін.
Көзге жиі шалынатын жігер бар –
Қуанамын, көріп сені кіл өзім.
Қарапайым кəдімгі өмір сенікі,
Қолдан соғып жасамайсың көрікті.
Шындық деген өн бойыңда нəрің бар,
Сол саған бір биік тұлға беріпті.
Сеніменен дос болғанда жақын кеп,
Сен атымды атағанда «Ғафу» – деп,
Естіртпестен іштен күбір еткенмін:
«Сенде ескірмес бір асылдық жатыр!» – деп.
Ашып айтсам, ол асылың – жаның ед,
Нөсер құйса, сөнбейтұғын жалын ед,
Сəулесі оның өн бойымды аралап,
Шымырлатып жүрегіме барып ед.
Жаның сұлу – жақсы қылған сол сені.
Жан ғой – адам арының зор өлшемі.
Қуыс кеуде, мағынасыз құр ажар –
Адам емес, адамның тек бөлшегі.
Қателессем – Ғафуыңды ғафу ет,
Қайтып айтпау бір сөзімді антым ед,
Тиіп кетсе байқаусызда біреуге,
Мені кешсін, жүрсін өзі ар тілеп.
Екен дер ғой: «жігіттің бір тентегі»,
Бас болмаса, неге керек телпегі?
Қыздың қызы болатыны секілді,
Еркектің де болады ғой еркегі.
Жыласаң да шын егіліп жылайсың,
Қуансаң да, тым ерекше қуанасың.
Ақиқаттан аумай жаның тұрады,
Сенші маған, осыныңмен ұнайсың!
Сүйесің де, қызғана да білесің,
Күлсең-дағы риясыз күлесің,
Көңіліңнің ақтығына қар ұқсас
Тұзың жеңіл, жазықсыз да күйесің.
Кемшілігің емес сенің – ол, бірақ,
Жақсылыққа куə болып – сол тұрмақ.
Кей-кейдегі балалық бір мінезің
Қайта сенің сол тұлғаңды толтырмақ.
Осы менің – сен туралы айтарым,
Кешір, бəлкім, сəл-сəл кемдеу байқадым.
Дəл осылай сені танып, ұғамын
Маған осы – қарасам да, қай жағың.
Сондықтан да жақынсың тым жаныма,
Арың туыс адамсың, сен, арыма.
Арманым не, бізде жүрек бір соғып,
Қаның ағып, қосылса егер қаныма!