10.07.2022
  193


Автор: Ғафу Қайырбеков

ЖҰМБАҚ ТҮСТЕР

1
Жатты қыз көп отырмай бүгін ерте,
Кім білсін, жалықты ма албырт ерке,
Төсі ме, шынтағы ма, – не қозғайды,
Үстінде дірілдейді атылас көрпе.
Өрілген серілердің қамшысындай,
Қара шаш əсемдіктің жаршысындай,
Тұр жауып, ақ бұғағын көлегейлеп,
Маңдайда бұлттың сирек тамшысындай
Бір-екі жылтырайды тер моншағы.
Рақатта жатыр, бəлкім, сұлу жаны.
Ернінде қызыл шие сəл қимыл бар,
Осыдан білініп тұр жымиғаны.
Жатыр ма ғажап түсті көріп қазір?
Айта ма түсте біреу оған əзіл?
Ғафу ет, оқушылар, ол қандай түс –
Ақында білмейінше кетті сабыр.
2
...Аз ғана қыз бен жігіт – құрбы-құрдас
Қосыпты сауық кеште қазір бір бас.
Ортада тағам толы дастарқан тұр
Үстінде жастар үшін қойған түрлі ас.
Отыр қыз бергі шетте жайнап гүлдей:
Алыңыз, – дейді, – құрбым, жұртпен бірдей.
Қара сұр, толқын шашты жігітке ол
Қарайды қара көзін бір түсірмей.
Шырқайды өзге жастар өлеңдерін,
Қосылып бұл да айтады білген жерін.
Оқушым, өзі күлсе, көзі күлмей
Тұратын жанды бар ма көргендерің?
О, ғажап, мына жігіт сондай адам,
Көзінде жатыр жалын бір қараған.
Сол қарас айнымайды, бұлжымайды,
Күлгенде əзілдесіп кіл манадан.
Сүйе ме сонысын қыз елден ерек,
Əйтеуір, оған жиі қарай беред.
Ұсынды жалғыз конфет қызға жігіт,
Қыз алды, сезім жеңсе – ол не демек?
Маржан тіс астында ол сықыр етті.
Бір бөлек тілмен жылжып əрі кетті.
Қалғаны тұрды қолда, бұдан кейін
Дуылдап қыздың қаны бетке тепті.
Қиылып жартсын жігіт алды сұрап,
Бөгетсіз түйірімен жұтты бір-ақ.
Қол артып иығына қыздың сосын
Бірдеме айтып жатты ол сыбырлап.
Қыз қолын қатты қысты батыл жігіт,
Содан соң жыр шырқады жайнап күліп,
Қосылып бар дастарқан төңірегі
Думаны жас өмірдің жатты жүріп...
3
Оянды төсегінде қыз дауыстап,
Болыпты осы кезде сəске түс шақ.
Бөлмеде еш адам жоқ, отырды ол
Көрпенің бір бұрышын қысып ұстап.
Түсінде жігіт қолы уысында
Тұрған қыз, көрпенің сол бұрышына
Қарайды өз көзіне өзі сенбей,
Жоруын білмей сұлу мұны шынға.
Кім еді, қандай жігіт түсіндегі,
Қыз қатты қиналды, анық түсінбеді.
Сондай бір соған ұқсас жігіт түрін
Келтірді көз алдына, түсірді енді.
4
...Зырлады оңтүстікке поезд ағып,
Талай тау, талай өзен артта қалып,
Ауылдан Алматыға жаңа оралған
Жастарын солтүстіктің келеді алып.
Купеде ортадағы орналасып,
(Жел үшін терезені қойған ашық).
Отыр қыз жəне оның серіктері
Бірде əн сап, бірде ермек картаны ашып.
Есігі көрші купе ашылды да
Бір жігіт тұрды ішке басын сұға.
Жымыиып, көз жіберіп, ынталанып
Қарайды қызыққандай жастық буға.
– Келіңіз, келмейсіз бе бізге, жігіт! –
Дейді де, шақырады қыздар күліп.
Жеңді ме жас көңілін жас базары,
Отырды ол енді аздан соң ішке кіріп.
Ойнады, күлді, таныс болды бəрі,
Қашан да осылай ғой жолдың заңы.
Бес сөтке бес сағаттай өтті-дағы,
Жастардың жақындады тарқар шағы.
Содан соң айрылысқан, болмай алаң,
Қашанғы бірге жүрсін жолдағы адам.
Ешқандай қимастық та сезілген жоқ,
Кəдімгі жолаушыдай болған оған.
«Сондағы жігітке ұқсас мына жігіт,
Ол болса – жүр түсіме қайдан кіріп?
Ой да жоқ, ойлаймын дер көңіл де жоқ,
Əр неме кіреді екен түске қызық!..»
– Деді де, қыз жұбатты енді өзін,
Қайталап іштей тағы əлгі сөзін.
Алайда, шығара алмады есінен ол
Жігіттің күлмейтұғын тағы көзін.
...Арада күндер өтті түйдегімен.
Сол жігіт қыз түсіне кірді кілең.
Біресе бақ ішінде құшақтасып,
Білініп демі бетке тұрды кілең.
Таң атса, оянса қыз ұйқысынан,
Кетпейді қолы көрпе бұрышынан.
Сол бұрыш ыстық тартты бірте-бірте
Түстегі сол білектей гүл ұсынған.
Жатуға асығады кеш батқанда,
Бір көрмей қалатындай кеш жатқанда,
Байғұс қыз қуанады неге сонша
Өңі емес, түсінде жар дос тапқанға?
Отырар кейде өңінде ойға батып:
«Жүреміз ылғи түсте бір дəм татып,
Келер күн жан серігі сол болар ма,
Не бұйрық тұрған мені мұнша тартып?!
Оқушым, осы арада айтам ашық,
(Құтылар адам дəмнен қайда қашып?)
Өмірде сол жігітпен кездесті ол қыз,
Көп көрді көшеде де дидарласып.
Аяғы көп көрудің соқты соған,
(Екен бір ол да ақ көңіл ізгі адам).
Дос болды, кəдімгідей достасты олар
Кездесіп, пікірлесіп сырласты əмəн.
Бірақ жоқ түстегідей еш құбылыс,
Еңбегін ұғам деген еш қылды қыз.
Кəдімгі өмір жайлы, оқу жайлы,
Кəдімгі əңгімелер қызғылықсыз.
Не ғажап, қыз қалады терең ойға,
«Мен көрген ол емес пе, əлде сол ма?
Жоқ, осы! Кеше түсте тағы көргем
Қазір де сол күлкісі – күлген сонда».
Қарайды, қадалады қыз жігітке,
Сəл себеп іздегендей бір үмітке.
Бірақ, жоқ, табылмайды іздегенмен
Айтпайды жігіт көзі оған түк те.
Кей-кейде таусыла ма қыз шыдамы,
Күбірлеп қос еріннен сөз шығады.
Онысы жігітке анық естілмейді,
Жанады тек жалын боп көз шырағы.
– «Таппаймын іздесем де бірдемені,
Көзіңнен көрінбейді сыр тереңі», –
Деп батыл қыз бір күні айтып салды,
О, ғажап, жігіт оған үндемеді.
Сонымен өтіп жатыр күн тізбегі,
Өз түсін қыз өңінде күнде іздеді.
Мызғымас баяғы бір сол күнінде
Құпия оған сырын білгізбеді.
Жұмбақ түс қыз жанына болды бір жүк,
Жүрекке тыныш жатқан салды бүлік.
Бірақ та жолығуын тыяр емес
Түсте жар, өңінде дос сол бір жігіт...





Пікір жазу