МЫҢ БІР ЖҮЗ ФОНТАН
Тамаша алаң.
Дүшанбенің қақпасы.
Ар жағында
Əсем Ғиссар алқабы.
Тірелетін
Тəжіктердің ат басы,
Керілгенде
Күннің алтын арқаны.
Қолына ұстап
Ғасырлардың кітабын,
Шыққан күннің
Нұрыменен түптеген.
Ақша бұлттар
Сүйкеп, сүйіп шынтағын,
Ақ шалмасын
Жуған аспан сүтпенен.
Əбу Əли Сина
Ескерткіші бір ғажап, –
Дүниенің кереметі
Ең бөлек.
Аяғының астында оның –
Мінəжат –
Бүкіл шаһар
Бас ұрғандай дөңгелеп.
Бір мың бір жүз
Фонтан атып,
Тұр саулап
Бір мың бір жүз
Күміс шыбық шаншылған.
Қандай шебер
Сонша суды тұсаулап,
Əбу Əли Сина
Төбесінен асырған!
Бір мың бір жүз
Фонтан сөйлеп, суылдан,
Он бір ғасыр
Хикаясын тұр айтып.
Неткен арман
Мықты болып туылмақ,
Дүниені бір
Жаңартып, тыңайтып!
Басын шайқап
Біздің Шыңғыс Айтматов,
Көзін алмай
Мынау күміс мұнардан:
– Бауырым, – дейді,
Маған қарап тіл қатып:
– Үйреніш керек бұлардан.
Өзекті жеп
Əлдебір өрт, өкініш.
Қалам үнсіз
Ауыр-ауыр ойланып...
Бүкіл шаһар таң алдында
Тым-тырыс
Дөңгелейді ескерткішті айналып...