«ФУРАЖКАМ ҚАЙДА?»
Рахман əңгіме айтып отыр маған,
Көзінде от ұшқыны топырлаған.
Сықасқан бір бөлменің қабырғасы
Орын жоқ папкаменен толтырмаған.
– Мың папка, – деді ол, –
Шайдан тағы бір ал!
(Кісі екен қиын іске жаны құмар).
– Соғысты бірге кешкен мың адамның
Осында бөлек-бөлек тағдыры бар.
Мен соны жинап келем отыз жылдай,
Əлі де жатыр көбі толтырылмай,
Қалмады баспаған тау, бармаған жер
Солардың тірісін іздеп, жол суымай.
Папкасы – мынау бөлек Онтаевтың,
Ер еді, куəсі еді сан тарихтың.
Соны іздеп, əзер өлмей қалғаным бар,
Басымнан ауа жаздап жантайып күн.
Жастықта бөгет бар ма тосылатын,
Арманды арман қиып жосылатын.
Естідім бір совхозда, тұсында, – деп –
Арқаның Қара таумен қосылатын.
Əскерден босап шыққан бетім еді,
Жалыннан босамаған көкірегі,
Үстінен шешілмеген сұр шинелі,
Көңілімде – таппай қоймау сертім еді.
Сол жылы қыс қатты боп жолығар ма,
Қаратау қарауытқан омбы қарда.
Жету мұң бір ауылдан бір ауылға,
Тəжіктің жас жігіті оны ұғар ма?!
Аяқта тағалы етік сартылдаған,
Басымда қызыл жұлдыз жалтылдаған
Фуражка, нарттай күрең офицермін,
Ол күнде кезім емес жан тыңдаған.
– Жүрмеңіз жапа-жалғыз жəне жаяу,
Болса да іздеп шыққан аулың таяу,
Опасыз ойда жоқта қылар жазым
Жүреді бұл далада боран ояу.
Ол сəтте ұйқтамайды көкжалы да,
Аңдыған жалғыз-жарым олжаны да,
Қазақтың ақсақалы көп өтінді –
Бір серік, жарықтығым, ал жаныңа! –
Алмадым, əттеген-ай, оның тілін,
Жастық-ай, ұмытылмас сол иттігің.
– Ой, тəйрі-ай! – дедім-дағы жүріп кеттім,
Несі бар боран мені торитұғын.
Төңірек күңгірт тартты көптен кейін,
Ойымда бір қыр ассам жеткендеймін.
Жел тұрды біраздан соң, қар ұшқындап,
Көз көрім анау алғы шепке дейін.
Қаратау əлдеқашан қалған артта,
Бұрылған менің бетім Арқа жаққа,
Жауған қар тез қалыңдап сала берді
Азынап жел даусы шар тарапқа.
«Бораны осы ма?!» – деп ойлауым мұң,
Бəрі де қарға толды қойнауымның,
Онтайдың үйін іздеп таппақ түгіл,
Қарасы алыстады қойлы ауылдың.
Не керек, аза шегін қақты боран,
Қасқырдай екі етектен қапты боран,
Көрмеген құлақ естіп, жат дауысты,
Айнала үрейлі үнмен айтты бір əн.
Кім көрген дүниенің ойран күйін,
Сақылдап қосылады сайдан құйын,
«Əлгі əн – ең соңғы əні тіршіліктің!» –
Дегендей болды суып қалған миым.
Темір жел тұла бойды үңгіді-ай кеп, –
Сыйынып, күнде айтқанмен құр құдай, – деп,
Құдай да қараспады, қалдым бір кез
Сорайған адам емес, сүңгідей боп.
Үй ішім, елестеді бала-шағам,
Мынау бір сұмдық үрей оңашадан
Құтылып, кіргендеймін от құшаққа,
Соңғы рет дегендеймін «о, жасаған!»
Содан соң күйіп барам, күйіп барам,
Ғаламат өртке түсіп түк ұқпаған...
Бір мезет көзімді ашсам – бір үйде екем...
Ғажап-ай, мұнша неге көп ұйқтағам?
«Бұл қай жер, мына отырған неткен
халық?» –
Қарадым əлсіз көзбен аң-таң қалып.
Басымды от төсектен жұлып алып:
«Фуражкам қайда?» –деппін айқай салып.
Үй іші қуанғанда ду күліскен...
Қайтадан ұзақ уақыт танғам естен.
Баяғы алдағы ауыл іздеп шығып,
Жағалай шала жағып ізді кескен.
Белгісіз қанша сағат қалды арада,
Себепсіз ажал бастан айнала ма,
Əйтеуір əзер дегенде тауып апты,
Мұз болып жатқан мені айдалада.
Мен оны бір айдан соң білсем керек,
(Қадірі бұл қазақтың білсең – бөлек),
Солардың саумалаған қолыменен
Үйіне Онтаевтың кірсем керек.
Өмір мен өлім – екеуі арасында,
Осынау ер халықтың панасында,
Бағымның күндіз-түні арқасында
Ажалдан аман қаппын, расында...
Ол кезде дəрігер болсын елде нендей,
Оларың осы күнде кем – дегендей.
Халық қой, бір шарасын тапқан шығар,
Меніңше көңілімен емдегендей.
Болады елден артық ана қайдан,
Ішінен аман келіп қанды майдан,
Текке өліп қаларымда алып қалған
Қазақты тануым сол – сонадайдан!
Сүйеді жалпы тəжік зейінімен,
Сендерді, туыс жұртты – пейілі кең,
Нанбасаң – сұра əрбір шоферінен,
Сұра сен, үй сыпырушы əйелінен!
Ұмытпан сонау күнді барында есім,
Өмірдің кім тоқтатар мəңгі көшін?!
Кешегі «кейін айтам» – дегенім сол, –
Деп, Рахман аяқтады əңгімесін.