10.07.2022
  108


Автор: Ғафу Қайырбеков

Нан деген Елдің көңілі...

Нан деген Елдің көңілі,
Ырысы жəне таланты.
Тарихы, кешкен өмірі,
Бар серті мен бар анты.
Қазақта бар бауырсақ –
Қалдырып жая, жалды да,
Бауырын, туысын сағынса-ақ
Төгетін соны алдыңа.
Əзірбайжан жұртының
«Лабашы» атты наны бар.
Салтанат, сəні ғұрпының
Белгісі содан танылар.
Жуа мен етті бір бүктеп,
Лабашпен орап сілтеткен.
«Осы екен-ау, тірлік!» – деп
Маңдайдан терің бұрқ еткен.
Теңіз бен тауды көп астым,
Кездесіп жомарт елімен,
Кетпейді дəмі лабаштың
Əлі де менің ернімнен.
«Бір күн дəмдес болғанға –
Мың күн сəлем» – деген бар,
Туысқан алыс жолдарда
Азамат халық – өңшең нар.
Бауырында болдым аз-ақ күн,
Олжасын соның қабыл ет,
Кешегі кеткен қазақтың
Қанжығасынан қалды, – деп!





Пікір жазу