10.07.2022
  99


Автор: Ғафу Қайырбеков

Үш мемлекет, төрт халық

Үш мемлекет, төрт халық
Бас түйіскен бұл ойпат,
Баяғыда топталып
Қырық қырғын, жүз апат
Алма-кезек алысқан
Осынау жасыл өлкені,
Қанды көзді арыстан,
Жолбарыстардың мекені.
Енді бойлап қарасаң
Көз жетпейтін тегісте –
Жүзім өскен орасан,
Жолығасың жеміске.
Сол жемісті жинаған
Қалың халық жан салып.
Бір сəтінде дем алған
Тұрды бізді қарсы алып.
Жыр оқыдық саңқылдап,
Жүзім баудың астында
Қара көздер жарқылдап
Сүрме жаққан қасына,
Күреңітіп жүздері,
Сырғалары дірілдеп,
Тыңдап еді біздерді
Тəтті еріндер күлімдеп.
– Тəуір екен өлеңің, –
Қазағыңа лайық,
Кел, жарығым, кел, ерім,
Дəм татысып қалайық! –
Деді маған ақсақал,
Инабатты бір кісің.
Алды шешіп дереу шал
Беліндегі құтысын.
Құйды сосын бал шарап,
Құлаш керіп қағыстық.
Күн астында шалқалап
Тағы құйдық, тағы іштік...
Тұрды риза жұрт қарап,
Əзірбайжан ақ пейілі –
Əлі күнге сол шарап
Таңдайымнан кетпейді.





Пікір жазу